Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда кедейлікті өлшеудің жаңа әдісі бекітілді

Қазақстанда кедейлікті өлшеудің жаңа әдісі бекітілді

Фото: depositphotos.com

2026 жылғы 5 қаңтардағы Ұлттық статистика бюросы басшысының бұйрығымен кедейлік көрсеткіштерін өлшеу әдістемесі бекітілді. Құжат 16 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әдістемеде халықтың тұрмыс деңгейі бойынша үй шаруашылықтарын іріктеп зерттеу негізінде кедейлік көрсеткіштерін есептеу тәртібі нақты сипатталған. 

“Бұрынғыдай, негізгі көрсеткіш ретінде абсолюттік кедейлік сақталады. Қазақстанда ол күнкөріс минимумымен өлшенеді. Егер адам немесе отбасының тұтыну деңгейі осы шамадан төмен болса, олар кедей санатына жатқызылады. Кедейлік көрсеткіштері тоқсан сайын және жыл сайын есептелетін болады. Статистика ел және өңірлер бойынша, елді мекен түріне, жынысына, жасына және үй шаруашылықтарының көлеміне қарай жүргізіледі. Әдістемеде атап өтілгендей, тоқсандық деректер маусымдық түзетусіз жарияланады”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар құжат кедейлікті бағалаудың бірнеше тәсілін бекітеді. Абсолюттік критерийден бөлек, сатып алу қабілетінің паритетін ескере отырып халықаралық кедейлік шегі бойынша есептеу, сондай-ақ салыстырмалы кедейлік және халық табысының саралану көрсеткіштері қарастырылған.

Салыстырмалы кедейлік медиандық жалақы арқылы анықталады. Медиандық жалақы – жан басына шаққандағы табыстар тізбегінің дәл ортасында орналасқан көрсеткіш. Кедейлік шектері осы мәннің белгілі бір пайызы ретінде белгіленеді.


Қазақстанда әр жиырмасыншы адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр – Сараптама


Ұлттық статистика бюросы салыстырмалы кедейлік үлесін екі шек бойынша есептейді:

– медиандық жалақының 50 пайызы – Тұрақты даму мақсаттарының көрсеткіштерін мониторингтеу үшін;

– медиандық жалақының 60 пайызы – халықаралық тәжірибеде қолданылатын деңгей.

Бұл үшін алдымен халық жан басына шаққандағы табыс деңгейі бойынша реттеледі, содан кейін медиандық көрсеткіш және белгіленген шектен төмен табысы бар халықтың үлесі анықталады.

Әдістеменің жеке бөлімі субъективті кедейлікке арналған. Ол адамдардың өз материалдық жағдайын және табысының негізгі қажеттіліктерге жеткіліктілігін субъективті бағалауына негізделеді. Мұндай деректер “Халықтың өмір сапасы” сауалнамасы арқылы жиналады.

Респонденттерге өздерін қандай табыс деңгейіне жатқызатыны туралы сұрақ қойылады. Жауап нұсқалары төмен қамтамасыз етілген деңгейден жоғары деңгейге дейін қамтиды.

Бұдан бөлек, әдістеме көпөлшемді балалар кедейлігі индексін есептеуді де көздейді. Оны анықтауда тек табыс емес, балалардың өмір сүру жағдайлары да ескеріледі. Атап айтқанда, білім беру мен медицинаның қолжетімділігі мен сапасы, тұрғын үй жағдайы, тамақтану мен киім-кешек, бос уақытты өткізу мүмкіндігі, мектеп іс-шараларына қатысу, кітаптар мен дамытушы ойындардың болуы, отбасылық демалыс, сондай-ақ отбасының міндетті төлемдерді төлеу, негізгі жиһазды жаңарту немесе көлік пайдалануға мүмкіндігі назарға алынады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан ЕАЭО елдері арасында кедейлік деңгейі ең төмен мемлекет атанғанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 18:37