Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қандай несиелер автоматты түрде жойылады

Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтар несие алудан өз еркімен бас тартып, берешегін жоя алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Фото: freepik.com

Қаржылық алаяқтықпен күресу мақсатында несиеден ерікті түрде бас тарту шарасы енгізілді. Қазақстандықтар Egov сайты мен мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді "Стоп-кредит" қызметін пайдаланып, өзіне несие алуға тыйым сала алады.

Қызметті компьютер арқылы қалай пайдалануға болады

  • egov.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріңіз;
  • "Қызметтер" бөлімінде "Банктік несиелерді, шағын несиелерді алудан ерікті түрде бас тарту" қызметін таңдап, онлайн тапсырыс беріңіз;
  • Барлық қажетті жолдарды толтырып, электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭСҚ) пайдаланып өтінішке қол қойыңыз;
  • Жеке кабинетіңіздегі сұрау нәтижесі туралы хабарламаны "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінен оқи аласыз. 

Мобильді қосымша арқылы қызметті қалай пайдалануға болады

  • Egov мобильді қосымшасын ашыңыз;
  • "Қызметтер" бөліміне өтіп, "Салық және қаржы" ішкі бөлімін таңдаңыз;
  • "Банктік несиелерді, шағын несиелерді алудан ерікті түрде бас тарту" қызметін таңдаңыз;
  • Қажетті деректерді толтырыңыз және сұрауға электронды түрде қол қойыңыз.

Сұранысты жібергеннен кейін несие тарихыңызда несие алудан бас тарту туралы жазба пайда болады. Несиелік бюролардан ақпарат сұраған несиелік ұйымдар бұл шектеуді көріп, несие беруден бас тартады. Жеке тыйымға қарамастан, сіздің хабарыңызсыз несие берілсе, қарыз автоматты түрде жойылады.



Айта кетерлігі, қызметті кез келген уақытта өшіруге болады. Шектеу ломбардтар мен клиенттерінің несиелік тарихын бағаламайтын басқа ұйымдарға қолданылмайды. 2024 жылдың 30 желтоқсанындағы жағдай бойынша "Стоп-кредит" қызметін 920 мыңнан астам азамат пайдаланды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылға дейін азаматтардың борыш жүктемесі есепке алынбайтыны туралы жазған едік. 

Талқылау