Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қандай қылмыстар үшін азаматтықтан айыруы мүмкін

ҚР Әділет министрлігінде заңнамада пайда болған «елдің өмірлік маңызы бар мүдделері» ұғымына және ҚР азаматтығынан айыру түріндегі жазаға байланысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

20170328184335

Баспасөз мәслихаты барысында ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина Конституцияның 10-бабындағы конституциялық түзетулерге сәйкес, террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетіні ескерілгенін атап өтті. Осыған байланысты «елдің өмірлік маңызы бар мүдделері» ұғымын және қылмыстар тізбесін айқындау қажеттігі туындады.

Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, заң жобасының тұжырымдамасы ведомствоаралық комиссияның талқылауына шығарылған жоқ. Әзірге ұсыныстардың барлығы мемлекеттік органдар тарапынан жасалды. Сондықтан алдағы талқылауларды ескере отырып, баптардың саны әлі де өзгеруі мүмкін. «Біз ҚР ҚК-ге ешбір жаңа құрамды, жаңа бапты ұсынып отырғанымыз жоқ. Бұлардың барлығы қолданыстағы құрамдар және осыған тек қосымша енгізіп отырмыз. Яғни азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза ескерілген»,-деді Баймолдина.

Осы орайда ол кез келген елдің өмірлік маңызы бар мүдделеріне зиян келтіру санатына мемлекеттің аумақтық тұтастығына, конституциялық құрылыстың беріктігіне, әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрақтылыққа, қорғаныс қабілеттігіне, қауіпсіздікке және басқа да құндылықтарға қастандық жасау секілді іс-қимылдар жататынын жеткізді.

Қазіргі кезде жаппай қырып-жою қаруын өндiру, иемдену немесе өткізу; соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары мен әдiстерiн қолдану; соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу; қарулы қақтығыстар уақытында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзушылықтар; қарулы қақтығыс уақытындағы әрекетсіздік не қылмыстық бұйрық беру; геноцид; экоцид; шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу; әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру; экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу секілді іс-қимылдар үшін азаматтықтан айыру ұсынылуда.

Талқылау