Қазақстанда ипотекалық және тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме өзгереді
Фото: istockphoto.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанда 2026 жылдың шілдесіне дейін ипотекалық және тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлемелерді есептеудің жаңа әдістемесі әзірленетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс отырысында депутат Тілектес Адамбеков агенттік төрайымынан тұтынушылық және ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелер қашан төмендейтінін сұрады.
Әбілқасымова агенттік бұған дейін бірқатар шара қабылдағанын еске салды.
"Өзіңіз білесіз, өткен жылы заң қабылданғаннан кейін біз тұтынушылық несие бойынша барлық мөлшерлемелерді 56 пайыздан 46 пайызға дейін, ипотекалық несие бойынша — 30 пайыздан 25 пайызға дейін төмендеттік. Кепілсіз несие бойынша мөлшерлеме 45 пайызға дейін қысқарды", - деді ол.
Оның айтуынша, 2025 жылы ипотекалық несие мөлшерлемесі 20 пайызға дейін төмендеген. Алайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтергеннен кейін көптеген банктер ипотека беруді уақытша тоқтатқан.
Әбілқасымованың айтуынша, ипотекалық мөлшерлемені төмендету туралы норма 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған. Сол уақытқа дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесіп, мөлшерлемелерді есептеу әдістемесін базалық мөлшерлемеге байланысты қайта қарамақ.
Реттеуші сондай-ақ тұтынушылық несие бойынша тәсілдерді де қайта қарауды жоспарлап отыр.
"Қазір нарықтағы орташа мөлшерлеме 35–36 пайыз деңгейінде. Біз жаңа әдістеме осы деңгейге сәйкес болады деп есептейміз, ал бәсекелестік арқылы мөлшерлемелер одан әрі төмендеуі тиіс", - деді Әбілқасымова.
Жоспар бойынша қарашадан бастап ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеуі тиіс еді. Бұл банктердің 20 пайыздан жоғары мөлшерлемемен ипотека бере алмайтынын білдіреді.
Алайда қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Базалық мөлшерлеме — банктердің Ұлттық банктен қарыз алатын пайыздық мөлшерлемесі. Яғни банктер 18 пайызбен қарыз алып, 20 пайызбен ипотека беруі тиімсіз болғандықтан, кейбірі ипотекалық өтінім қабылдауды тоқтатты, ал басқалары шарттарын өзгертті.
16 қазанда Қазақстан Үкіметі бірқатар дағдарысқа қарсы шара қабылдады. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктер тарапынан ипотекалық ұсыныстардың азаюының әсерін жеңілдету мақсатында тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылданды.
23 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк ипотека бойынша ең жоғарғы мөлшерлемені төмендетуді 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін кейінге қалдырды. Агенттік бұл уақытша шара екенін, оның мақсаты — несиенің қолжетімділігі мен банктердің тұрақтылығы арасындағы теңгерімді сақтау екенін түсіндірді.
"Ауруханалар толып қалған": Қазақстандықтар "белгісіз" вирустың таралуына жаппай шағымданып жатыр