Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ипотека мен несиеге қатысты жаңа ережелер енгізіледі

Қазақстанда ипотека мен несиеге қатысты жаңа ережелер енгізіледіФото: Freepik.com

Қазақстан Ұлттық банкі банктер үшін несие беру кезінде қарыз алушылардың табысын ескеретін жаңа нормативтер әзірлеп жатыр. Ақпаратты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, қарыз алушылардың борыштық жүктемесін өтеу қабілетін айқындайтын екі коэффициент – КДН және КДД. Бұл көрсеткіштерді 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланған.

Аталған екі көрсеткішті банктер мен реттеушілер несие беру кезіндегі тәуекелдерді бағалау үшін қолданады.

“2026 жылғы шілдеге қарай біз екі коэффициентті – КДН мен КДД-ны әзірлеуіміз керек. Екеуі де қазақстандықтардың және кез келген қарыз алушының өз борышын өтеу қабілетіне қатысты. Біз адамның табысы болмаса да, банк оған несие беріп, кейін қарыз алушы оны өтей алмай қалатын жағдайға жол бере алмаймыз. Бұл экономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан да тиімсіз”, – деді Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы мұндай шектеулер несиелердің қайтарымсыз болып кетпеуі және банк жүйесіне қауіп тудырмауы үшін қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа ережелер қарыз алушылардың ресми табысын, яғни зейнетақы және әлеуметтік аударымдар арқылы көрінетін кірістерін ескереді.

“Банктер табыс көзін көруге тиіс. Егер адамның таза табысы болса, яғни зейнетақы қорына және ӘМСҚ-ға аударымдар жасалып отырса, банктер оның ипотека, автонесие немесе тұтынушылық несиені өтей алатынын түсінеді. Ал табыс расталмаса және бәрі қолма-қол ақша арқылы жүрсе, банктер мұндай несиелерді беруге аса құлықты болмайды”, – деп түсіндірді ол.


Қазақстанда "Наурыз" ипотекасы басталады: Қарыз лимиті 36 миллион теңгеге дейін

Ипотеканы зейнетақы жинағымен төлеу: "Отбасы Банк" өтініш қабылдауды қайта бастады


Сонымен қатар Сүлейменов жаңа ережелер қарыз алушыларға қатаң шектеу қоюды көздемейтінін айтты.

“Біз қандай да бір қатаң шектеулер енгізуді жоспарлап отырған жоқпыз. Керісінше, тәсіл қазақстандықтардың нақты табысына негізделеді. Біз Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің статистикасын, банктердің деректерін және Ұлттық банктің өз статистикасын пайдаланамыз. Жүйе орташа табысы бар орташа қазақстандық ипотека, автонесие және тұтынушылық несие ала алатындай етіп бапталады”, – деді реттеуші басшысы.

Тимур Сүлейменов несие алу үшін қандай табыс деңгейі орташа болып саналатыны әзірге нақты белгісіз екенін жеткізді.

“Қазір оны нақты айта алмаймын. Әркім өзін орташа қазақстандық санайды. Қолымда нақты цифр жоқ”, – деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін енді қазақстандықтар ипотекалық бонусты Отбасы банкінің табысына қарай алатыны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 06 Наурыз, 2026 18:11