Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесі 2026 жылдың шілдесіне дейін төмендетілмейтін болды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейі 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін төмендетілмейтін болды Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен ұлттық банк 5 қаңтар күні бірлескен қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлемені төмендету 2026 жылдың ортасына дейін кейінге қалдырылды.

Қазақстанда 1 шілдеге дейін несиелер бойынша мынадай шекті мөлшерлемелер қолданыста болады:

- кепілсіз банктік несиелер үшін – 46%;

- кепілмен берілетін банктік несиелер үшін – 35%;

- ипотекалық несиелер үшін – 25%.

Айта кетейік, бұған дейін реттеуші органдар ипотекалық несиелер бойынша шекті мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін кезең-кезеңімен төмендетуді жоспарлаған еді. Алайда 2025 жылдың күзінде базалық мөлшерлеме 18%-ға дейін көтерілгеннен кейін коммерциялық ипотека банктер үшін тиімсіз болып қалды. Соның салдарынан көптеген ірі қаржы ұйымдары ипотекалық несие беруді уақытша тоқтатты.


Қазақстандықтарға тиімді ипотека мен автонесие беріліп, бизнесті тексеру тоқтатылады: Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жариялады

Қазақстанда ипотекадағы шекті сыйақы мөлшерлемесі кепіл құнына қарай өзгермек


Тұрғын үй нарығын несиелеудің толық тоқтап қалуына жол бермеу үшін реттеушілер жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) бұрынғы деңгейін сақтап қалу туралы шешім қабылдады.

“Банктерде 20%-дан жоғары мөлшерлемелер бойынша мақұлданған өтінімдер бар. Жаңа талап күшіне енгенге дейін өтінім берген азаматтардың ипотеканы бас тартусыз рәсімдей алуы үшін қолданыстағы шекті мөлшерлемені сақтау қажет”, – делінген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк жоғары мөлшерлемелерге байланысты ипотека алуды кейінге қалдыруды ұсынған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 22:34