Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте қай орында екені белгілі болды

Фото: habr.com

Speedtest Global Index сервисі қараша айындағы интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингті жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мобильді интернет сапасы жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан бір сатыға төмендеп, 46-орынға орналасты. Елдегі орташа жүктеу жылдамдығы 93,07 Мбит/с болды. Ал Жапония бұл көрсеткіш бойынша 62-орында тұр – 65,14 Мбит/с.

Мобильді интернет жылдамдығы бойынша көш бастап тұрған елдер:

  • Біріккен Араб Әмірліктері – 672,68 Мбит/с
  • Катар – 542,56 Мбит/с
  • Кувейт – 398,66 Мбит/с
  • Ең төмен жылдамдық Боливияда тіркелген – 14,35 Мбит/с.

Тіркелген кеңжолақты интернет (fixed broadband) жылдамдығы рейтингі бойынша Қазақстанның көрсеткіші төмендеп, 91-орынға жайғасты. Мұнда орташа жылдамдық 83,5 Мбит/с. Бұл санатта Жапония айтарлықтай алда – 23-орын (229,84 Мбит/с).

Қалалар арасындағы мобильді интернет жылдамдығы рейтингінде:

  • Алматы – 63-орын (127,79 Мбит/с)
  • Астана – 67-орын (125,58 Мбит/с)

Салыстыру үшін айта кетсек, Токио бұл тізімде тек 90-орынға орналасқан (80,44 Мбит/с). 2025 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан мобильді интернет сапасы рейтингінде 45-орын алған еді.



Еске салайық, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандық интернеттің байланыс сапасы бойынша Жапонияның Токио қаласын қоса алғанда, ондаған қаланы басып озғанын айтып, көпшілікті таңғалдырған еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 10:48