Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда халықтың пікірі мемлекеттік қызметкерлердің жалақы үстемесіне әсер етеді

Қазақстанда халықтың пікірі мемлекеттік қызметкерлердің жалақы үстемесіне әсер етедіФото:  Мемлекеттік қызмет істері агенттігі/Дархан Жазықбаев

Мәжілісте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев “Мемлекеттік қызмет туралы” жаңа заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда таныстыру кезінде мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау мен шенеуніктерді ынталандыруда халықтың пікірі ескерілетінін айтты.

Жаңа жүйе бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бағалау үшін халықтың пікірі қолданылады.

Қазақстандықтар берген баға – мемлекеттік органдардың тиімділігін көрсететін көрсеткіш болады. Бұл баға қызметкерлерді ынталандыруға, соның ішінде жалақысын көтеруге әсер етеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекеттік қызметкерлердің соңғы бағасын тек халық береді, яғни мамандар мен шенеуніктер өздері бағаламайды.
Халық неғұрлым қызмет сапасына қанағаттанса, қызметкер соғұрлым жақсы бағаланады және ынталандырылады.

Агенттік басшысы түсіндіргендей, заң жобасындағы сервистік принцип тек классикалық мемлекеттік қызметтерге ғана емес, адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін кеңірек салаларға да қатысты. Олардың қатарында қоршаған ортаны қорғау, құқық тәртібі, денсаулық сақтау және білім беру де бар.

Мұндай қызметтер үшін сапа критерийлерін нақты белгілеу жоспарланып отыр, ал бағалау құралдарының бірі ретінде қоғамдық мониторинг қарастырылады.

“Бұл халықтың пікірін тыңдайтын мемлекет тұжырымдамасын күшейтеді. Яғни, азаматтардың кері байланысы тек есеп беру үшін ғана емес, нақты басқарушылық шешімдерге де әсер етеді”, – деді Дархан Жазықбаев.

Жазықбаевтың айтуынша, жаңа “Мемлекеттік қызмет туралы” заң жобасы мемлекеттік қызметтің өз миссиясын –  ұлттық басымдықтарды жүзеге асыру институты ретінде бекітуі тиіс.

Заң жобасы не ұсынады

Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын негізгі талаптар нақты көрсетіледі:

  • Патриотизм;
  • Кәсіби шеберлік;
  • Ашықтық;
  • Клиентке бағыттал;
  • Этика;
  • Мінсіз бедел;
  • Құқық бұзушылықтарға немесе мүдде қақтығысына төзбеушілік.

“Клиентке бағдарлану формалды себептермен бас тартуға жол бермеуді, әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді жоюды білдіреді. Яғни бұл талаптарды орындамаса мемлекеттік қызметте жұмыс істемейді”, – деп атап өтті ол.

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында қандай өзгерістер болады

Заң жобасында мансаптық өсуге жаңа тәсіл қарастырылған. Мұнда тек жоғары лауазымға көтерілу ғана емес, сол бір лауазым ішінде кәсіби дамуы да есепке алынады. Бұл, әдетте, жалақының өсуіне әсер етеді деп күтілуде.

Сонымен қатар құжатта келесі міндетті ережелер бекітілген:

  • Жалақыны кемінде әр үш жыл сайын индексациялау;
  • Демалыс күндері мен мерекелерде жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу;
  • Еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндері;
  • Еңбек өтілі 25 жылдан кем емес мемлекеттік қызметкерлерге зейнетке шыққанда төрт лауазымдық жалақы мөлшерінде төлем.

Кадрлық саясатта не өзгереді

“Кадрларды іріктеу және басқару толығымен цифрлық форматқа ауыстырылмақ. Егер лауазым үш айдан астам уақыт бос тұрса, “Е-қызмет” жүйесінде конкурс автоматты түрде жарияланады”, – деді Дархан Жазықбаев.

Сонымен қатар мемлекеттік органдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау үшін арнайы профилактикалық қызметтер құру жоспарланып отыр. Оларды этика бойынша уәкілетті тұлғалар басқарады және олар тікелей Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бағынады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 13:06