"Қазақстанда геноцид болған жоқ": Ресейлік тарихшы ашаршылық тақырыбын көтеру қауіпті екенін айтты

ХХ ғасырдағы ең ауыр қасіреттердің бірі – нацистік режим салдарынан алты миллионнан астам еврей халқының қырғынға ұшырауы. Холокостқа әлемдік деңгейде саяси әрі құқықтық баға берілсе, қазақ даласындағы ашаршылық әлі күнге дейін толық тарихи баға алған жоқ. Соңғы жылдары бұл оқиға "қазақ геноциді" деп аталып жүр. Алайда бұл пікірмен келіспейтін зерттеушілер бар. Солардың бірі ресейлік тарихшы Дмитрий Верхотуров. Ол өзінің "Казахский геноцид, которого не было" атты кітабында бұл ашаршылықты геноцид деп атауға негіз жоқ дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дмитрий Верхотуровтың айтуынша, кеңестік ұжымдастыру саясаты апатқа әкелгенімен, қазақ халқын қасақана жою мақсаты болмаған. Архив деректеріне сүйенген автор қаза тапқандар саны кей айтылып жүрген миллиондар емес, 650 мыңнан аспайды деп көрсетеді. Оның пікірінше, бұл этносты жою емес, басқарудағы өрескел қателер мен зорлықшы экономикалық саясаттың салдары. Кеңес үкіметінің елдегі ашаршылыққа түк қатысы жоқ, бұл тақырыпты қозғай беру ұят дейді.
– Бұл тақырыпты неге таңдадыңыз және кітапта не туралы айтасыз?
– Бұл кітапта екі негізгі мәселе бар. Біріншісі "қазақ геноциді" деген ұғымға қатысты қалыптасқан мифті талдау және оған күмән келтіру. Екіншісі 1930-жылдардағы Қазақ КСР-індегі ауыл шаруашылығы мен демографиялық жағдайға экономикалық талдау жасау. Бұрын мен де кең тараған көзқарасты ұстанғанмын. Алайда кейінгі жылдары бұрын қолжетімсіз болған жаңа дереккөздер, әсіресе сандық есептік материалдар ашылды. Сол деректер арқылы нақты есептеулер жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл есептер кеңестік биліктің сол кезеңдегі апатқа тікелей кінәлі болмағанын көрсетті.
– Қандай деректерге сүйендіңіз?
– Бұл кеңестік статистикалық және архивтік деректер. Мен мал шаруашылығына қатысты толық баланс жасадым: қанша мал болды, қанша ет дайындалды, қанша сыртқа шығарылды, қаншасы тұтынуға кетті. Тіпті сол жылдары Қазақстанға ет өнімдерінің әкелінуі мен әкетілуі көрсетілген кестелерді таптым. Сонымен қатар архивтерден қазақ және орыс халқының ет тұтыну нормаларына қатысты деректерді анықтадым. Осы мәліметтердің бәрін салыстыра отырып, малдың үлкен көлемде себепсіз жойылғанын байқауға болады. Дәл осы мал шығыны ашаршылықтың негізгі себебі болды.
– Ашаршылықтың басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, бұл ашаршылық кеңестік биліктің мақсатты саясаты емес, ішкі әлеуметтік қақтығыстың салдары болды.
1929 жылдан бастап байларды тәркілеу басталды. Олар малынан ғана емес, қоғамдағы бұрынғы ықпалынан айырылды. Осыдан кейін байлар мен кеңес билігін қолдаған қазақтар арасында өткір қақтығыс туды. Байлар ашық қарулы күресте жеңілген соң, малға қарсы диверсиялық әрекеттерге көшті: мал ауруларын әдейі тарату, ауру және сау малды араластыру, малды қауіпті аймақтарға айдап апару, сондай-ақ малды Қытайға жаппай айдап әкету фактілері болды. Мен Мәскеудегі архивтен 1928-1935 жылдар аралығындағы Қазақстанның 122 ауданы бойынша мал саны толық көрсетілген бірегей кестені таптым. Бұл деректер арқылы малдың қай бағытта, қалай жоғалғанын нақты көруге болады. Бұл геноцид емес, ішкі әлеуметтік қақтығыстың салдары.
Фото: жеке архивтен
– Ашаршылықтан қайтыс болған адамдардың нақты саны бар ма?
– Табиғи емес себептермен нақты қанша адам қаза тапқаны туралы айтсақ, бұл сан 650 мың адамнан аспайды. Өйткені сол жылдары табиғи өлім-жітім де болды және ол халық санағы мен ағымдағы есептерде тіркеліп отырған. Сондықтан арнайы коэффициенттерді ескере отырып, табиғи өлім көрсеткішін жалпы саннан алып тастау қажет. Сонымен қатар халық санының табиғи өсімі де болған. Бұл деректер 1939 жылғы халық санағында анық көрінеді. Яғни, 1931–1933 жылдары туған ұрпақ түгелдей санақта көрсетілген. Себебі халықтың жас ерекшелігі бойынша құрылымы берілген, ал сол арқылы әр адамның туған жылын анықтауға болады. Одан бөлек, елден көшіп кеткен адамдар да болды, олардың бір бөлігі кейін қайта оралды. Әрине, нақты санды дәл анықтау қиын, өйткені ол кезеңнің өзінде кеткендердің нақты саны белгісіз болған. Дегенмен, қолда бар бағалауларға сүйене отырып, бұл көрсеткіштерді де жалпы есептен шығару қажет. Нәтижесінде қалған көрсеткіш табиғи емес себептермен қайтыс болғандар саны. Ол 650 мың адамнан жоғары болмайды, қазір тарихшылардың айтып жүрген миллиондар шындыққа сәйкес келмейді.
– Неліктен бұл жағдайды геноцид деуге болмайды?
– Себебі кеңестік биліктің қазақ халқын жоюға бағытталған ешқандай құжаты немесе жоспары болған жоқ. Керісінше, 1930 жылғы жоспарларда қазақ шаруашылықтарының санын арттыру көзделген. Индустрияландыру кезеңінде жұмыс күші қатты қажет болды. Қазақстан мыс өндірісі бойынша КСРО-дағы негізгі аймақтардың бірі еді (Балқаш, Жезқазған). Сондықтан қазақ халқын жою кеңестік саясатқа мүлде қайшы болатын. Геноцид деген белгілі бір халықты этникалық белгісі бойынша әдейі жою саясаты. Қазақстандағы ашаршылық бұл анықтамаға сәйкес келмейді.
– Бұл тақырыпты геноцид деп атау кімге тиімді?
– Мұндай тұжырымдар халықтарды бір-біріне қарсы қою үшін қолданылады. Украинадағы "голодомор" теориясы да осы мақсатта пайдаланылды. Мұндай идеялар көбіне шетелдегі саяси орталықтарда қалыптасып, кейін посткеңестік кеңістікке таратылды. Қазақстан үшін бұл тақырып аса қауіпті. Өйткені ол қоғамды іштен ірітеді және мемлекетаралық қарым-қатынасты шиеленістіреді.
Ресейлік тарихшының бұл пікірімен қазақстандық тарихшы Ғабиден Жәкей келіспейді. Оның айтуынша, елде болған ашаршылық қолдан жасалған нәубет.
Фото: Паша Шамин
Ашаршылықтың салдарынан елде екі миллионннан аса адам қырылды. Әлемдік деңгейде бұл оқиғаны геонцид деп мойындағандар бар, тіпті архивте құжаттар да жеткілікті. Тек оны толық геонцид деу үшін уақыт керек. Тарихты тарихшылар ғана жазу керек. Ашаршылық туралы айтып жүрген ресейлік ешқандай тарихшы емес, жазушы. Ал жазушы қашаннан бері тарих туралы айтатын болған. Холокост секілді біздің елде болған жағдай да өз тарихи бағасын алады. Сталин мен Гитлерді салыстырсақ Гитлер 30 миллион халықты қырса, Сталин 100 миллиондай адамды қырып тастады. Оны ақтаудың мүлде қажеті жоқ, – дейді тарихшы Ғабиден Жәкей.
Толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер