Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ет қымбаттай ма – Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қазақстанда еттің қымбаттауы жайлы сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ет сток

Фото: pixabay.com

Вице-министрдің сөзінше, 2024 жылы елде 1,1 миллион тонна сиыр мен қой еті өндірілген. Бұл елдегі ішкі сұранысты толық қамтамасыз еткен. 

"Өткен жылдың қорытындысын қарасақ, өндіріс 4 пайыз өсті, соның ішінді сиыр еті бойынша өсім 2 пайызға тең. Мұндай шаралар бізге жұртшылықты етпен қамтуға мүмкіндік береді. Сондықтан ет бағасының өсуіне алып келетін факторларды көріп тұрғанымыз жоқ", – деді Кенжеханұлы. 

Шенеуніктің сөзінше, бұған дейінгі еттің қымбаттауы Өзбекстаннан сұраныс артуымен байланысты екен. 

"Кейінгі аптадағы бақылау нәтижесінде бағаның тұрақтанғанын көрдік. Әрі қарай қымбаттайды деп болжай алмаймыз. Бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатындарға арналған айналымға салу үшін жеңілдетілген 5 пайыздық қаржыландыру бөлуді қарастырып жатырмыз. Бұл шаралар елдегі ет өндірісін көбейтуге әсер етеді. Бүгінде сиыр етінің бір келісінің орташа құны 2700-3000 теңге", – деп қосты вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы алдағы уақытта Түркияға ет экспорттау жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. 

Талқылау