Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ерекше балалардың ата-аналарын ерте зейнетке шығару бастамасы көтерілді

Депутат Таңсәуле Серіков премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, ерекше балалардың ата-аналарына жоғары білім беріп, ерте зейнетке шығаруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

мүгедек

Фото: pixabay.com

Таңсәуле Серіков елде 113 мыңға жуық мүгедек бала барын, оның 40%-ы ауылдарда тұратынын жеткізді. 

“Ерекше қажеттігі бар балалар үшін күнделікті терапиясы, ем-шарасы, гимнастикалық жаттығулар, медициналық оңалтулар, бассейн немесе тағы да басқа қажет ем-домдары бар. Қалада тұратындар үшін бұның өзі ауыр. Ал ауылды жерде тұратын ата-аналар үшін бұл үлкен қиындық. Бала кезінен мүгедектігі бар, тіпті өздігінен тамақ та ішпейтін, сөйлей де алмайтындары қаншама. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы аяқтан тұрғызамын деп тек аналар ғана мақсат қояды. Баланың түнімен бебеу қағып жылағаны – қиындықтың бергі жағы ғана. Тәулігіне бірнеше рет ес-тұсынан айрылып, талып қалатындар бар. Бұл ата-анаға физикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да ауыр екені белгілі”, – дейді ол. 

Депутат ауылдардағы ФАП жанынан арнайы орталықтар ашу керегін қосып өтті. Сонда ауылдағы мүгедек балалардың анасы да уақытша демалып, отбасына қарай алар еді дейді. 

“Осы орайда айтарым: Аналардың тәжірибесі болғандықтан басқа балаға да дұрыс қарап күтім жасай алады. Сондықтан педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер сияқты мамандықтарға ата-ананың біреуін қысқа 2 жылдық мерзімде бакалавриатта оқыту қажет. Мүгедек балаға өз ата-анасынан артық қарайтын адам жоқ. Сол себепті баланың ата-анасын оқытып, арнайы дайындықтан өткізу қажет. Cол арқылы ата-ананың күтуші ретінде жұмысы да болады, еңбек өтілі де жоғалмайды. Дұрыс күтім болғандықтан баланың дамуы да арта түседі. Даму ерекшеліктері бар балаға жиі күтім жасау ата-аналарға оңай емес. Қиындыққа шыдамай отбасын тастаған әкелер де қаншама”, – деп қосты ол.

Депутат ерекше баланың жағдайымен жұмыссыз жүрген ананың зейнетақысы болмай қалатынын айтып, осындай ата-ананың біреуінің зейнетақы қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салыну қажет деп есептейтінін мәлімдеді. 

“Ол – ананың зейнеттегі кепілі. Физикалық ауыр формадағы мамандық иелеріне жеңілдіктер қарастырылған, мысалы шахтер шахтадағы жұмысының ауырлығына байланысты. Ал ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың еңбегі жеңіл емес. Сондықтан осындай аналарды мүмкіндігінше зейнетке ерте шығару мәселесін де қарастыру керек”, – деп түйіндеді ол.

Депутат премьер-министрге жолдаған сауалында келесі ұсыныстарын енгізді: 

  • Ерекше бала ата-анасын ерте зейнет жасқа шығаруды;
  • Ата-ананың біреуін педагог-ассистент, әлеуметтік қызметкер маманыдығына қысқа мерзімде оқытуды;
  • Ерекше бала ата-анасының біреуінің зейнет қорына мемлекет тарапынан тұрақты түрде қаржы салуды;
  • Балаға күтім жасаған жылдарын еңбек өтілі деп есептеуді сұраймыз.
Талқылау