Қазақстанда енесі келінін орыстарға құлдыққа сатып жіберген
Несібелі Ибрагимова осыдан 4 жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Күйеуі ішімдікке салынып, екеуі ақыры ажырасып тынады. Артынша енесі хабарласып, одан кешірім сұрап, Мәскеуде бірге тұруға ұсыныс жасайды. Артынша енесі келінін алдап, орыстарға құлдыққа сатып жібергені анықталады.
Бұл туралы “Әйел бақыты” бағдарламасында айтылды.
Адамның басты байлығы – бостандығы мен еркіндігі. Алайда, бұл құндылықтарға шектеу қойылып, еңбегі аяусыз қаналып жатқандар бар. Құлдық құрсауына түскен кейіпкердің бірі – Несібелі Ибрагимова. Оның айтуынша, Мәскеу қаласына құлдыққа енесі сатып жіберген.
“Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының тумасымын. Биыл 22-ге толамын. Анам екеуміз Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрдық. Анам зейнеткер. 9-сыныптан кейін Астана қаласындағы колледжге оқуға түстім. 2013 жылы тұрмысқа шықтым, бір қызым бар. Күйеуім қыдырып, арақ ішіп, шегіп, үйдегі дүниені сатып, үйге келмейтін. Уақыт өте келе ажырастық. Кейін енем қайта-қайта хабарласып, анамнан, менен кешірім сұрап, күйеуіммен қосылуымды өтінді. Мен оған сеніп, қайта қосылдым. Бір күні енем “Біз Мәскеуге барамыз” деді. Алдымен күйеуім кетті.
Әуежайда енем маған “Шаруаларым шығып қалды, өзің кете бер. Мен бір аптадан кейін барамын. Сені сол жақта келінім күтіп алады” деді. Мәскеуге өзім кеттім. Бірақ, енемнің келіні емес, бөтен адамдар күтіп алды. Олар мені сол Мәскеудегі бір дүкенге апарды. Сол дүкеннің иесі құжаттарымды, телефонымды алып қойды. Бір-екі күн маған жақсы сөйлеп, тауар сатуды үйретті. Біраз уақыттан кейін ол маған дөрекі сөйлеп, ұрса бастады. Тамақ бермейтін. Қара нан мен су ішіп, сол дүкенде ұйықтап жүрдім. Сосын олар мені ұра бастады. Өстіп 6 ай азап көрдім. Қыркүйек айында ол жақтан қашып шықтым”,- дейді Несібелі.
Қазақстандық заңгер Айнұр Махметова адамдардың құлдыққа түсуіне өздерінің де айыбының бар екенін айтып жатыр. Яғни заңгердің байқауынша, құлдыққа момын, өз әрекеттері үшін жауап бере алмайтын адамдар түседі екен. “Құлдық дегеніміз – адамдарды бас бостандығынан заңсыз айырып, шектеу; адамның өзінің еркінен тыс, мәжбүрлі түрде әртүрлі мақсатта ұстап отыру. Құлдыққа көбінесе қамқоршысы жоқ, өзіне дұрыс жауап бере алмайтын жуыс, әлсіз адамдар ілігеді.
Менен осы мәселеге байланысты көмек сұрайтындардың көбісі – әлсіз, әлжуаз, момын, өз әрекетіне жауап бере алмайтын, сауатсыз, оқымаған адамдар. Бұл – қоғам болып күресетін мәселе. Ең бастысы, адам жоғалған кезде, міндетті түрде, ішкі істер органдарына хабарласып, осындай мәселелерін дер кезінде алдын алулары керек. ҚР Қылмыстық кодексінің 25-бабы адам ұрлау мәселесіне арналған. Олар екі жылдан бастап жеті жылға дейін және жеті жылдан бастап он екі жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады”, – дейді заңгер Айнұр Махметова.
Ал психолог Айнагүл Нұрмағанбетова құлдыққа түсетін адамдардың “ішкі менінің” төмен болатынын айтып жатыр. Мұнымен қатар, ішімдік пен анашаға әуес, жеңіл жолмен ақша табуға құмар адамдар құлдыққа тез түседі екен.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
Әкесіне өкпелеген 43 жастағы әйел әлі тұрмысқа шыққысы келмей жүр
Жұрт екі түрлі еркектен некесіз балалар туған әйелді сынап тастады
Психолог еркектердің не себепті көңілдес іздейтінін ашып айтты
Қазақстандық әйел туған қыздарын зорлап келген күйеуі туралы айтты