Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді полицияның ерікті көмекшілері күш қолдана алады: Ішкі істер министрлігі жаңа заңды түсіндірді

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда полицияның ерікті көмекшілеріне қосымша өкілеттіктер беріледі. Өзгерістер мемлекет басшысы бүгін қол қойған “құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заңда” көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір көшелерді патрульдеуге, заңдарды түсіндіруге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жоғалған адамдарды іздеуге 50 мыңнан астам қоғамдық көмекші мен ерікті қатысып жүр.

Жаңа заң олардың жұмыс тәртібін нақтылап, ынталандыру жүйесін кеңейтеді. Кез келген азамат құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полицияға ерікті түрде көмек көрсете алады.

Қоғамдық көмекші болу үшін полицияға өтініш беріп, жеке куәліктің көшірмесін қоса тапсыру қажет. Осыдан кейін үміткер наркологиялық, психоневрологиялық және басқа да есептер бойынша тексеріледі. Шектеулер анықталмаған жағдайда полиция құжаттарды әкімдікке жолдайды. Әкімдік жеті жұмыс күні ішінде азаматты тіркеп, есепке қойады.

Мына тізімдегі тұлғалар қоғамдық көмекші бола алмайды:

- кәмелетке толмағандар;

- сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан адамдар;

- профилактикалық есепте тұрған азаматтар;

- соңғы бір жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық үшін жаза алған тұлғалар;

- наркологиялық немесе психоневрологиялық есепте тұрғандар;

- әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылғандар.

Егер азаматтың өтініші кері қайтарылса, бас тарту себептері жойылғаннан кейін ол қайтадан өтініш бере алады.

Қоғамдық көмекшілік қашан тоқтатылады:

- көмекшінің өз қалауы бойынша;

- қасақана құқық бұзушылық үшін қылмыстық іс қозғалғанда немесе әкімшілік жаза қолданылғанда;

- тұрақты тұру үшін шетелге көшкен жағдайда;

- денсаулық жағдайына байланысты немесе қайтыс болғанда.

Қоғамдық көмекші полицияның ұсынысы негізінде әкімдік тарапынан есептен шығарылады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қоғамдық көмекшілердің қатысуы ерікті негізде жүзеге асырылады және полицияның бақылауында болады. Сондай-ақ министрлік өкілдері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтарды тартудың мұндай тетіктері мен ынталандыру жүйелері шетелдерде бұрыннан қолданылып келе жатқанын және құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі екенін атап өтті.

Заңға сәйкес, қоғамдық көмекшілер полицияға көмек көрсетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысады.

Қоғамдық көмекші мына өкілеттіктер беріледі:

- профилактикалық жұмыс жүргізуді қажет ететін адамдар туралы полицияға хабарлау;

- заңсыз есірткі егістіктері мен притондар туралы ақпарат беру;

- қоғамдық орындарда және іс-шаралар кезінде тәртіпті сақтауға көмектесу;

- хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге қатысу және қылмыстарды ашуға жәрдемдесу;

- полиция келгенге дейін оқиға орнын күзету;

- мектептерде және кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмысқа қатысу;

- құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе құқық бұзушыны ұстау үшін қажет болған жағдайда ғана, рұқсат етілген шектен аспай, дене күшін және өзге де шараларды қолдану.

Сонымен қатар қоғамдық көмекшілерге полиция қызметкерлері пайдаланатын арнайы құралдарды қолдануға тыйым салынады.

“Сондай-ақ жасы белгілі немесе анық байқалатын әйелдерге, мүгедектіктің айқын белгілері бар адамдарға және кәмелетке толмағандарға күш қолдануға тыйым салынады. Қарулы немесе топтық шабуыл жасау, сондай-ақ зорлық-зомбылық қолдану жағдайлары секілді ерекше жағдайларды есептемегенде”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Қоғамдық көмекшінің мына әрекеттерді жасауына тыйым салынады:

- тек полиция құзыретіне жататын міндеттерді атқаруына;

- өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстыруға;

- полицияның заңды қызметіне кедергі келтіруге;

- өз профилактикалық іс-шараларында куәгер болуға;

- азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге немесе олардың құқықтарын бұзуға.

Заңда құқық бұзушылықтардың алдын алуға көрсеткен көмегі үшін ынталандырудың бірнеше түрі көзделген:

- алғыс хаттар мен мақтау қағаздары;

- ақшалай төлемдер;

- оқыту және біліктілігін арттыру;

- жұмыс орны бойынша көтермелеу;

- мемлекеттік марапаттар мен құрметті атақтарға ұсыну.

Қандай ынталандыру түрі қолданылатыны туралы шешімді әкімдік қабылдайды.

Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды фото және видео арқылы анықтағаны үшін, егер сол деректер негізінде айыппұл салынса, қарапайым азаматтар да ақшалай сыйақы ала алады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 19:34