Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнайы шот ашуға міндеттелмейді

Қазақстанда енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арнайы шот ашуға міндеттелмейді

Фото: depositphotos.com

Ұлттық банк енді өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қызметін жүргізу үшін арнайы шот ашуға міндеттелмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банкте түсіндіргендей, қолданыстағы заңнама, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларды қызметін жүзеге асыру үшін жеке шот ашуға міндеттемейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өз табыстарын салық органдарының арнайы мобильді қосымшасы арқылы өз бетінше көрсетуі тиіс. Сондай-ақ қызмет көрсететін банк олар үшін арнайы мобильді қосымшаның чектерін тікелей банк қосымшасында қалыптастыра алады.

“Осыған байланысты Ұлттық банк №207 қағидаларға толықтыру енгізді. Оған сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар өз қалауы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде қызметін жүзеге асыру үшін ағымдағы шот аша алады. Бұл үшін шот ашуға өтініште шотты пайдалану мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде көрсетілуі қажет”, – деп хабарлады Ұлттық банк.

Бұл жаңашылдық өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жеке төлемдер мен аударымдарды, сондай-ақ кәсіби қызметтен түсетін кірістерді бөлек есепке алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай шоттар үшін арнайы реттеу немесе шектеулер қарастырылмаған.


Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға төлемақы беріледі деген ақпарат жалған – Министрлік


Банктік шоттармен жұмыс істеу қағидаларына енгізілген өзгеріс

Бұған дейін Ұлттық банк банктік шоттарды ашу және жүргізу қағидаларына, сондай-ақ қолма-қол ақшасыз операциялар мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібіне өзгерістер енгізген еді.

Бұл өзгерістер екі негізгі мәселеге байланысты. Біріншісі –  ғылыми жобаларға берілетін гранттар. Енді грант қаражаты эскроу-шоттан тікелей қажетті ұйымдарға немесе серіктестерге аударылады. Бұл қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын бақылауды күшейту үшін жасалып отыр. Екіншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, олар өз қалауы бойынша арнайы банктік шот аша алады. Бұл шот арқылы арнайы салық режимі аясында төлемдер мен аударымдар жүргізіледі. Өзгерістер қаржы қозғалысын ашық етіп, есеп жүргізуді жеңілдетпек.

Еске салайық, 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда үш арнайы салық режимі көзделген. Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа (фермер) қожалықтарына арналған режим. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа арнаулы салық режимі табысының 4%-ын төлеуге міндеттейді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 19:09