Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді некелесін жұптар билер мен медиаторлардан тәлім алмақ

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Ақмола облысында енді некеге тұратын жұптар билер мен медиаторлардан тікелей тәлім алады. Жаңа бастама жанжалдардың алдын алып, мықты отбасылар қалыптастыруға бағытталған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облысының Жақсы аудандық сотында "Билер кеңесі – соттан тыс дауларды шешу институты" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға судьялар, прокуратура, аудандық әкімдік, полиция, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және медиаторлар қатысты. 

Аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Қасым Қалмағамбетов билер кеңесі мен медиаторлардың қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың дауларды бейбіт жолмен шешудегі маңызын атап өтті. Судья Жанзакова билердің татуластырушы ретіндегі қызметі қоғамдық сенімді арттырып, диалог мәдениетін дамытуға ықпал ететінін айтты.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Зияда ұйымының қоғамдағы жанжалдарды азайту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізсе, прокурор Абдуахитов азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Жастар ресурстық орталығының жанынан билер мен медиаторлар кабинетін ашу, некеге тұратын жұптармен түсіндіру әңгімелерін өткізу, отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау және мектептерде өзара құрмет пен үлкенге сыйластықты қалыптастыру бағытындағы жұмысты күшейту ұсынылды. Сондай-ақ ауылдық әкімдіктерде билер мен медиаторлар кабинеттерін ашу және сот процесіне қатысушыларға психологиялық қолдау көрсету мәселесі көтерілді.

Айта кетейік, мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда ажырасу саны 16%-ға азайған. 2020 жылы 48,2 мың болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,5 мыңға түскен. Дегенмен, билік өкілдері ажырасуды әлі де өзекті әлеуметтік мәселе деп санайды. 


Қазақстанда отбасылардың жәрдемақы алу үшін әдейі ажырасатыны рас па? Зерттеп көрдік


Ер адам ажырасқан соң 10 жыл бойы мысықтарға алимент төлейтін болды


Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы жолдауында елімізде бір кездері "әлеуметтік саланың жанашырлары" ойлап тапқан "толық емес отбасы" ұғымы ажырасу толқынын күшейтіп, жалқаулық пен масылдықтың тамыр жаюына жол ашқанын қатаң сынға алды. Мемлекет басшысы бүгінде отбасы мүшелерінің көбі нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақыға үміт артып, еңбекке құлық танытпай отырғанын айтты.

Айым Атамбаева
Сенбі, 01 Қараша, 2025 18:30
Талқылау