Премьер-министр дәрігерлердің мәселесін шешу үшін министрліктерге 10 күн уақыт берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Премьер-министр Олжас Бектенов медицина қызметкерлерін қорғау шараларын әзірлеу үшін алдағы жұмыстар барысын талқылады. Жиында Қазақстанда енді дәрігерлерге шабуыл жасағандар құқық қорғау қызметкерлеріне қауіп төндірумен теңестірілетіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету қажет. Дәрігерлерге шабуыл жасалған мұндай оқиғалар құқықтық әдістермен қатаң түрде тоқтатылуы керек. Осыған байланысты денсаулық сақтау, ішкі істер, әділет министрліктеріне он күн мерзім ішінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны үшін қылмыстық жаза қарастыру бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеп, енгізуді тапсырамын", – деді премьер-министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және басқа да денсаулық сақтау қызметкерлеріне жасалған шабуылдардың 170-тен астам фактісі тіркелген.
Денсаулық сақтау және ішкі істер министрліктері медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту мақсатында бірқатар шараларды қолға алды. Дәрігерлерге жасалған шабуылдар енді құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қауіп төндірумен теңестірілмек.
Ауруханаларға тәулік бойы полиция бекеттері қойылып, смарт-бейнежетондар мен кешенді күзет жүйелері енгізіліп жатыр. Қазір 115 медициналық мекеме қорғауға алынып, тәртіп сақшыларының патрульдері жақын маңға орналастырылған. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстары да күшейтіледі.
Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға жазаны күшейтуді тапсырды
Еске салайық, бұған дейін соңғы айларда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар жиілеп кетті. Маусым айында Атырау облысында учаскелік дәрігерге науқас шабуыл жасап, оның миы шайқалғаны хабарланған. Шілде айында Қарағандыда жеке клиника мейіргері соққыға жығылды, ал Қостанайда урология бөлімінің жас хирургі ауыр хәлде ауруханаға түсті. Бұл оқиғалар қоғамда резонанс туғызып, медициналық қауымдастықтың, қоғам белсенділерінің және Денсаулық сақтау министрлігінің алаңдаушылығын тудырды. Министрлік медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды қолға алатынын мәлімдеді.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
