Қазақстанда енді блогерлердің қаралым үшін берілетін монетизациясына салық салынады
Қазақстандықтарға Youtube пен Instagram, Tiktok-тағы контенттің қаралымы үшін төленетін монетизацияға да салық салынады. Ал кәсіпкер ретінде тіркелмей, блогерлікті табыс көзіне айналдырғандар декларация тапсыруға міндетті. Олар жыл сайын 15 қыркүйектен кешікпей кірісі мен мүлкі жайлы есеп беріп отыруы тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pexels.com
Алматылық Павел Шамин – Youtube-тағы монетизациядан табыс табатын блогердің бірі. Айтуынша, қаралым үшін төленетін қаржы айтарлықтай көп емес. Сонау АҚШ-тан аударылатын ақша қолға тигенше платформа мен банк процесінде онсыз да комиссиялар ұсталады. Енді оған салық салынса, еш пайда жоқ дейді. Айтуынша, кәсіпкер емес блогерлерді декларацияға міндеттеу де орынсыз.
“Кейбіреулерінде мысалы коммерциялық тапсырыстар, интеграциялар бар. Соның арқасында жақсы ақша алады. Ал монетизацияға Қазақстанға ең арзанын төлейді. Мың қаралымға 1 долларға да жетпейтін ақша береді. Енді ойлаңызшы өзіңіз, осы айда 100 мың, не 1 млн қаралым жинайсыз ба, жинамайсыз ба белгісіз ғой”, – деді қазақстандық блогер Павел Шамин.
Мемлекеттік кірістер комитеті заңға сәйкес кез келген кіріске салық салынатынын хабарлап отыр. АҚШ не Еуропа аударса да, монетизациядан түскен табыстың 10%-ы қазынаға алынады.
“Шетелдік компаниялар арқылы кіріс алған жағдайда да Қазақстанда салық төлеу қажет. Егер төлем Қазақстанда салық агенттері деп танылған платформалардың өкілдері арқылы жүзеге асырылса, салықты агент автоматты түрде ұстап, аударады”, – деді Алматы қаласы МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығының басқарма басшысы Айжан Бекеева.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, былтыр блогерлерден қазынаға 3 миллиард теңгеден аса қаржы түскен.