Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақы келесі жылы 90 мың теңгеге дейін өспек

АқшаФото: pixabay.com

Мәжіліс кулуарында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға ең төменгі жалақыны көтеру жөніндегі сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесі қабылданған, қазір бұл мәселемен үш институт айналысып жатыр.

"Бұл мәселе күн тәртібінде бар. 2024 жылы еңбек министрлігі осы жылдар аралығында алғаш рет ең төменгі еңбекақыны анықтау әдістемесін қабылдады. Бүгінде бірнеше институт еңбек өнімділігінің нақты көрсеткіштерін, өңірлер, салалар бөлінісіндегі медианалық жалақы бойынша зерттеулер жүргізуде және соның барлығы ең төменгі жалақыны есептеуге негіз болады", – дейді министр.

Ең төменгі жалақы нақты қанша теңгеге өсетіні зерттеулерден кейін белгілі болады. Министрдің айтуынша, зерттеу жүргізгеннен кейін ең төменгі жалақы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап көтерілуі мүмкін.

Парламент кулуарында қаржы министрі Мәди Тәкиев те ең төменгі жалақыны белгілеу бойынша әлі есеп-қисап жүріп жатқанын, бірақ шамамен алынған сома бар екенін айтты.

"Қазіргі уақытта ең төменгі жалақы шегі есептелуде, оны еңбек министрлігі жүргізіп жатыр. Онда соңғы үш жылдағы орташа өсім ескеріледі. Ол шамамен 90 мың теңгеден сәл асады, бірақ есептеулер әлі де жүргізілуде. Ұлттық экономика министрлігі де есептеулер жүргізіп жатыр", - деді Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы – 85 мың теңге.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе отырып, ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесінің жобасын әзірлеген еді.

Халықаралық еңбек ұйымы барлық елге Кейтц индексін ұстануды ұсынады. Бұл индекс — заңмен белгіленген ең төменгі жалақының медианалық жалақыға арақатынасы — кемінде 50% деңгейінде болуы керек.

Дамыған елдерде Кейтц индексі шамамен 55%-ға тең. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен – 2023 жылы небәрі 34% болды.

Аида Тақабаева
Жұма, 27 Маусым, 2025 10:59
Талқылау