Қазақстанда ең төменгі жалақы 2027 жылы көтерілмек
Фото: freepik.com
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет отырысында елімізде ең төменгі жалақы тек 2027 жылы көтерілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серік Жұманғарин инфляцияны тежеу бойынша үкімет қабылдап жатқан шаралар жөнінде баяндады. Ол халық табысын қолдау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыру жалғасатынын атап өтіп, экономикалық белсенділігі төмен өңірлерге ерекше назар аударылатынын мәлімдеді.
"Әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру шаралары қабылданады. Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылығын арттыру үшін цифрлық технологияларды қолдану кеңейтіледі. 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026–2028 жылдары халықтың нақты табысының өсімі жылына орта есеппен 2-3 пайыздан төмен болмайды", – деді Жұманғарин.
Ол сондай-ақ елімізде маркетплейстердегі баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру шаралары қабылданатынын, оның ішінде тауар бағасына кіретін сыйақылар, комиссиялар және өзге де төлемдер туралы ақпаратты ашық ету жоспарланып жатқанын хабарлады. Бұдан бөлек, маркетплейстерде бөліп төлеумен және бөліп төлеусіз сатып алу кезіндегі қосарлы баға белгілеу тәжірибесі енгізілетінін еске салды.
"Мұның бәрі инфляцияны тұрақтандыруға және баяулатуға ықпал етеді. 2026 жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылады. Тарифтерді көтеруге мораторий кезеңінде табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді ревизия жүргізіледі. 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтердің өсуі теңгерімді түрде, инфляцияның нысаналы деңгейімен сабақтастықта жүзеге асырылады. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі сақталады, оның атаулылығы күшейтіліп, ең мұқтаж санаттарға бағытталады", – деді Жұманғарин.
Бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеру ұсынылғаны хабарланған еді.
Айта кетейік, Қазақстанда ең төменгі жалақы бір жылдан астам уақыт бойы көтерілген жоқ. 2024 жылы ол 8,6%-ға, ал 2025 жылдың толық емес кезеңінде тағы 10,4%-ға құнсызданды.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр