Қазақстанда экология саласындағы бірқатар шенеуніктер пара алды деген күдікке ілінді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров брифинг барысында экология саласында пара алды деген күдікпен ұсталған шенеуніктер туралы деректер ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Антикор мәліметіне сәйкес, 10 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының соты облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Р. Тұраровқа қатысты үкім шыққан.
“Ол экологиялық рұқсатсыз алтын өндіретін зауыт салу фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін жергілікті кәсіпкерден 30 000 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.Тұраров мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алдын алу шаралары аясында үкімді жариялау ашық режимде облыстық Экология департаменті қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ”, – деді Бигайдаров.
Бұдан бөлек Антикор Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында бірқатар шенділерге қатысты тергеуді аяқтаған. .
“Шығыс Қазақстан облысынла облыстық экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушыға қатысты тергеуді аяқтады. Шенеунік бұрын келісілген 130 млн теңгенің 8,5 млн теңгесі сомасында коммерциялық ұйым директорының орынбасарынан кәсіпорынды эмиссия төлемей автожол төсемін қайта жаңарту фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін пара алды деп күдіктелуде. Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық Экология департаментінің басшысына, оның орынбасарына және екі кәсіпкерге қатысты парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Лауазымды тұлғалар экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін бизнес субъектілерінен жалпы сомасы 7,2 млн теңгені бірнеше рет пара алды деп айыпталуда. Айыпталушылар сотқа тартылды”, – деп қосты ол.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бірнеше аймағында ішкі істер органының лауазымды тұлғалары жемқорлық үшін істі болғаны туралы хабарлаған едік.