Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда екі жылдан кейін жаңа ұялы байланыс операторы пайда болмақ

Қазақстанда ұялы байланыс пен интернет тарифтері өсе берсе, цифрлық даму министрлігі нарыққа жаңа ұялы операторды енгізуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Shutterstock.com

Үкіметтегі брифингте цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, жаңа оператор нарыққа енгізіліп, бәсекелестік күшейе түседі. Бұл ретте министрлік өкілі қазіргі операторларға өз пайдаланушыларының сұраныстарына жауап беру қажет екенін атап өтті.

Бұған қоса, вице-министр "Мобайл Телеком-Сервис" (Tele2/Altel брендімен жұмыс істейді) операторын катарлық Power International Holding (PIH) сатып алғанын еске салды. Бұл мәміле сапаны арттырып, бағаны төмендетуге ықпал етеді деп жоспарланып отыр. Tele2 Қазақстан нарығына кіргенде, жалпы тарифтер төмендеп, басқа операторлар да бағаны түсіруге мәжбүр болғанын мысал ретінде келтірді.

Журналистердің PIH шарттары бойынша үш жыл ішінде жаңа оператордың нарыққа шықпауы керек деген сұрағына Оразбек бұл мерзімнің аяқталуына екі жыл қалғанын растады. Егер жағдай өзгермесе, жаңа оператордың енгізілуі мүмкін екенін айтты.

Оразбек сонымен қатар нарықтағы тарифтердің өсу себебін бәсекелестіктің әлсіздігімен және операторлардың 2018-2021 жылдар аралығында тарифтерді көтере алмағанымен байланыстырды. Бұл шектеулер аяқталғаннан кейін компаниялар бағаны көтеруді белсенді түрде бастаған. Министрлік ұялы байланыс операторларының тарифтеріне тікелей әсер ете алмайды. Бірақ нарықтағы жағдайды жақсарту үшін шаралар қабылдауға дайын екенін жеткізді.



Еске салайық, бұған дейін Tele2 мен Altel катарлық компанияға сатылғанын жазған едік. Осымен "Қазақтелеком” АҚ 2025.14.01 PIH Communication LLC пайдасына "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сату бойынша мәміле аяқталғанын хабарлайды.

Талқылау