Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дерекқорлардан жеке мәліметтерді жаппай жүктеп алуға тыйым салынбақ

depositphotos хаккерФото: depositphotos.com

Қазақстанда дербес деректердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында мәліметтерді маскалау мен хештеу енгізіліп, дерекқорлардан ақпаратты жаппай жүктеуге тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2025 жылдың қараша айында мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтелесов Қазақстанда бет-әлпетті тану жүйелерін пайдалану тәртібі нақты реттелмегенін айтқан болатын. Оның айтуынша, биометриялық деректерге кімнің қол жеткізе алатыны, олардың қайда және қалай сақталатыны, сондай-ақ қауіпсіздігіне кім жауапты екені белгісіз.

Байтелесов биометриялық деректерді қолданудың құқықтық базасын "бұлыңғыр әрі қайшылыққа толы" деп сипаттап, қолданыстағы заңдар деректердің ашық қолжетімділікке немесе шетелге тарап кетпейтініне кепілдік бере алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол заманауи автокөліктер арқылы қазақстандықтардың деректері шетелге кету қаупі бар екенін атап өтті.

Депутаттық сауалға берген жауабында Жаслан Мадиев Қазақстанда дербес деректер саласындағы заңбұзушылықтар бойынша тексерулер жүргізіліп, әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар екенін айтты. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін 30-дан 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін (130 мыңнан 8,6 миллион теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған.

"Сонымен қатар министрлік жеке және заңды тұлғалардың дербес деректер мен оларды қорғау мәселелері бойынша өтініштерін қарауға, Әкімшілік құқық бұзушылық кодесінің 79-бабында көзделген әкімшілік құқықбұзушылық істерін жүргізуге, сондай-ақ жоспардан тыс тексерулер өткізуге уәкілетті", – делінген жауапта.

Министр Қазақстанда биометрия және бет-әлпетті тану жүйелері саласында тәртіп орнату жоспарланып отырғанын да хабарлады. Бұл нормалар Цифрлық кодекс жобасында көзделген. Құжатқа сәйкес, биометриялық сәйкестендіру тек Ұлттық биометриялық аутентификация жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Аталған жүйе үшін биометриялық деректерді жинау, сақтау және жою тәртібі нақты көрсетілген жеке ережелер әзірленеді.

Автокөліктер арқылы дербес деректердің таралу қаупіне қатысты Жаслан Мадиев азаматтардың деректерін үшінші тұлғаларға немесе шетелге беру тек иесінің келісімімен ғана мүмкін екенін түсіндірді. Заң бойынша дербес деректер Қазақстан аумағында орналасқан серверлерде сақталуы тиіс. Ал деректерді елден тыс жерде сақтау немесе беру тек азаматтың келісімі болған жағдайда және сол деректердің көшірмесі Қазақстан аумағында да болған кезде ғана рұқсат етіледі.

"Қосымша атап өтсек, қазіргі дербес деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу мақсатында мәліметтерді маскалау мен хештеу ұғымдарын енгізу, сондай-ақ дербес деректер қамтылған базалардан ақпаратты жаппай выгрузка жасауға заңнамалық тыйым салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл азаматтардың деректерін үшінші тұлғаларға және шетелге беру мүмкіндігін болдырмауға ықпал етеді", – деді министр.

2025 жылдың маусым айында Қазақстанда ауқымды деректердің таралу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Интернетте Қазақстан тұрғындарының 16,3 миллион жазбасынан тұратын дербес деректер ашық қолжетімділікке шыққаны туралы ақпарат тараған. Ашық дереккөздерде азаматтардың тегі мен аты, ЖСН, мекенжайы, туған күні, телефон нөмірлері және өзге де мәліметтер жарияланғаны айтылған.

Осы оқиғаға байланысты цифрлық даму министрлігі мен кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.



Еске салайық, бұған дейін желіде қазақстандық спортшылардың жеке деректері тарап кеткенін жазған едік. Олардың ЖСН-дері, байланыс ақпараты және спорттық атақтары көпшілікке қолжетімді болды. eSport.gov.kz ұлттық тізіліміне байланысты мұрағатта шамамен 286 000 спортшы мен жаттықтырушының жазбалары бар деп болжанып отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қаңтар, 2026 10:59