Қазақстанда дәріхана сөрелерінен арзан аспирин жоғалып, орнына 10 есе қымбат түрі сатылып жатыр

Қазақстанда аспирин тапшылығы байқалып, бірнеше қаладағы дәріханалардан 280 теңгелік қарапайым препарат жоғалып кетті. Тұрғындар оның орнына қымбат түрі ғана ұсынылып жатқанына шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарлмасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды қаласында алты дәріханада тек көпіршікті аспирин сатылып жүр. Ал оның бағасы шамамен 2 мың теңге. Бағасы 280 теңге тұратын қарапайым аспирин тек ірі желілік дәріханалардың бірінен ғана табылған. Қалған дәріханаларда препараттың бұрыннан жоқ екені айтылған. Бұл мәселе бойынша түсініктеме алу үшін редакция облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне, денсаулық сақтау министрлігі жанындағы фармацевтикалық бақылау комитетіне жүгінген.
Алайда ресми органдар нақты жауап бермей, келесі аптада хабарласуға уәде еткен. Сонымен қатар ведомстволарға аспирин тапшылығы бойынша әзірге шағым түспегені белгілі болды. Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының мәліметінше, препараттың дәріханалардан жоғалып кетуіне бірнеше себеп болуы мүмкін.
- Біріншіден, дәрі тіркеу немесе құжаттық рәсімдеу кезеңінде болса, оны уақытша импорттауға шектеу қойылуы ықтимал.
- Екіншіден, дәрі қоры таусылып, дәріханалар жаңа жеткізілімді күтіп отырған болуы мүмкін.
- Үшіншіден, тапшылық жасанды түрде ұйымдастырылуы да ғажап емес. Көтерме жеткізушілер дәріні тек өздерінің дәріхана желілері арқылы таратып, өзгелерге бермейді.
Қауымдастық жетекшісі Талғат Омаровтың айтуынша, кейбір көтерме компаниялар аспиринді шекті бағаға байланысты сатудан бас тартуы мүмкін.
"Жеткізушілердің бір бөлігі бұл препарат "пайда әкелмейді" деп есептейді. Ал аспирин сатылып жатқан дәріханалардағы өнім басқа ел нарығына арналған болуы, тіпті заңсыз жолмен әкелінуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды", – деді маман.
Мамандар жаңа ірі жеткізушілердің нарыққа кіруі қиын екенін, соның салдарынан бәсекенің төмендеп, монополия қаупі артатынын айтады. Сонымен қатар мемлекет енгізген шекті баға жүйесі кей жағдайларда жеткізушілердің дәріні мүлде сатып алмауына алып келіп, нарықта тапшылық туғызуы ықтимал.
- Дәрігерлердің дипфейктері күмәнді дәрі-дәрмектерді белсенді түрде жарнамалай бастады: Мамандар ЖИ-ді ажырату жолын айтты
Еске салайық, бұған дейін ресейлік дәрігер Александр Мясников аспиринді ең қауіпті дәрілердің бірі деп атап, оны дәрігер кеңесінсіз қабылдау ауыр қан кету мен миға қан құйылу қаупін арттыруы мүмкін екенін ескерткен еді. Сонымен қатар дәрігер Елена Малышева да аспирин асқазаннан қан кетуге әкелуі ықтимал екенін айтып, препаратты балаларға беруге болмайтынын мәлімдеген.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы