Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан халықтары ассамблеясының кезекті сессиясында ассамблея кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.

Ассамблея мүшелері "Қайырымдылық керуені" жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді. 

Президенттің айтуынша, біз түрлі сын-қатерге қарамастан, стратегиялық мақсат-міндеттерімізден айнымаймыз.

“Аз уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар жасадық, экономиканы жаңғыртатын және қоғамдық этиканы жаңартатын ауқымды шараларды қолға алдық. Саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына әлден-ақ тың серпін беріп үлгерді. Отандастарымыздың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады.

Біз әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшіп жатырмыз. Осылайша, әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз", – деп атап өтті Тоқаев. 

Оның сөзінше, Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды реформа жасалмаған.

“Бірақ бұған тоқмейілсіп отыруға болмайды, реформаны сапалы жүзеге асыра беруіміз керек. Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" деп аталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді. Басты миссиямыз – жасау, құру, жүзеге асыру”, – деді президент. 

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Қазақстанда мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін айтты. 

Талқылау