Қазақстанда қайтарылған 8 миллиард теңгеге ерекше балаларға арналған балабақша салынады
Үкімет президенттің тапсырмасы бойынша қайтарылған активтерден тағы шамамен 8 миллиард теңге әлеуметтік нысандарға бағытталатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкіметтің мәліметінше, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салуға шамамен 7,8 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданды.
Балабақшаның ашылуы 300 ерекше баланы тәрбиемен және түзету көмегімен қамтамасыз етеді. Мекеме мектеп жасына дейінгі балаларға жайлы болу, дамыту және оқыту үшін барлық қажет затпен жабдықталады.
"Бүгінде облыста ерекше білім беруді қажет ететін 3 жастан 6 жасқа дейінгі 2 523-тен астам бала бар. Олардың 1 320-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Қазір облыс бойынша 4 арнайы түзету балабақшасы жұмыс істейді", – делінген үкімет хабарламасында.
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Еске салайық, бұған дейін Алматыда олигархтардан тәркіленген 12 миллиард теңгеге мұқтаж жандар үшін екі баспана салынады. Мәліметтерге сенсек, Алматыда заманауи мәдениет орталығы салынады. Оның ауданы үш мың шаршы метрден асады. Бұдан бөлек арнайы залдар мен әмбебап көрме алаңдарын, білім беру және демалыс орындарын қамтиды.