Қазақстанда мұнай болса, бензин арзан болады деген сөз емес – Жұманғарин
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бензин мен дизель отыны бағасының өсуіне қойылған мораторий қанша уақытқа созылады деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Кем дегенде келесі жылдың көктеміне дейін болады. Бізге алдымен көршілес елдердегі жағдайдың тұрақтануын күту керек. Біз сол елдермен баға айырмасын (gap) азайтуға тырысып жатырмыз, бірақ ол айырма әлі де ұлғайып келеді. Бұл, біріншіден, валюта бағамының айырмасына, екіншіден, кейбір көрші елдерде жанар-жағармай тапшылығының туындауына байланысты. Ал тапшылық бағаны өсіреді. Олардың бізден айырмашылығы бағаны реттемейді, ұстап тұрмайды," – деді Жұманғарин Мәжілістегі брифинг барысында.
16 қазанда Қазақстанда АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын әрі қарай көтеруге мораторий енгізілді. Сол күнгі баға деңгейі бекітілді.
Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жанармай бағасының ауытқуына қатысты пікір білдіріп, бағаның өсуі күтілмейтінін айтты.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдың ақпанында мемлекеттік реттеуден бас тартқаннан кейін жанар-жағармай нарығында баға нарықтық жолмен реттеледі.
"Әрбір жанармай құю бекеті өз шығынына байланысты бағаны көтереді. Бағаны өзгерту ережелері бекітілген. Егер өнімнің өзіндік құны өзгерсе, тиісінше, сату бағасы да өзгереді. Сондықтан әр бекет пен әрбір сатушыда баға әртүрлі болуы мүмкін", – деп түсіндірді Ақкенженов.
Министр мораторий енгізілгеннен кейін жанармай бағасы ағымдағы деңгейде бекітілгенін айтты.
"Үкімет мораторий енгізу туралы шешім қабылдады. Біз жанар-жағармай сатушыларына бағаны қалыптасқан деңгейде ұстап тұруды ұсындық. Сондықтан баға көтерілмейді", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет дағдарысқа қарсы шараларын жариялаған болатын.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
