Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда беделді шетел университеттерінің 5 филиалы ашылмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде жоғары білім қолжетімділігін арттыруды және беделді шетел университеттерінің бес филиалын ашуды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс отырысында Тоқаев Қазақстанда жоғары білімге қолжетімділік мәселесі өзекті болып қала беретінін айтты.

"Халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына мақсатты гранттар бөлуге ерекше назар аудару керек. Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Соңғы уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. Жақын арада Ресейде жетекші техникалық университеттер филиалын ашу жоспарланған. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуы тиіс", – деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент Қасым-Жомарт Тоқаев техникалық мамандықтарға басымдық беру керек екенін айтты. 

"Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет", – деді Тоқаев. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы мұғалімдерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. 

"Сөзсіз басымдық – сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Мектептерді материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ахмет Байтұрсынов айтқандай: "Мұғалім – мектептің жүрегі". Сондықтан мұғалімдер жетіспейтін өңірлер үшін тиісті қолдау шаралары кешені мен үздік мұғалімдерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын", – деді Тоқаев Мәжіліс отырысында.

Талқылау