Қазақстанда байланыс пен интернет үшін жаңа "салық" енгізу ұсынылды
Фото: depositphotos.com
Қазақстанда байланыс пен интернет үшін жаңа "салық" енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Цифрлық даму министрлігі телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру және байланыс желілерінде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында арнайы қор құруды ұсынып, заң жобасын жариялады.
Заң жобасына сәйкес, қор коммерциялық емес ұйым ретінде құрылады. Қордың негізгі мақсаты – байланыс инфрақұрылымын дамыту, пайдаланушылардың құқықтарын қорғау және мобильді байланыс мүлде жоқ немесе тұрақсыз жұмыс істейтін аумақтарды азайтуға бағытталған жобаларды қаржыландыру болмақ.
Құжатта қордың байланыс операторлары мен интернет-провайдерлердің міндетті жарналары, ерікті жарналар мен қайырымдылық көмектер және заңда тыйым салынбаған өзге де көздер арқылы толықтырылатыны айтылған.
"Аталған қорды құру және оның қызметі толығымен байланыс операторларының жарналары есебінен жүзеге асырылады, бұл операторлардың есептік жылдық табысының 3%-ын құрайды", – делінген құжатта.
Заң жобасы байланыс қызметтерінің бағасын тікелей көтеруді көздемейді. Дегенмен, табыстан алынатын 3%-дық тұрақты жарнаға байланысты операторлар бұл шығынды тарифтерді өсіру арқылы өтеуі мүмкін деп болжануда. Құжатта мұндай әрекетті шектейтін немесе тыйым салатын ережелер жоқ.
Заң жобасына арналған қоғамдық талқылау 2025 жылдың 10 маусымына дейін жалғасады.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтардың смартфондарын тіркегені үшін төлейтін қаржысы жеке компанияға аударылатыны туралы жазған едік.