Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда банктен қолма-қол ақша шешуге шектеу енгізілді: Жаңа ереже кімдерге қатысты екені белгілі болды

Фото: istockphoto.com

1 қаңтардан бастап Қазақстанда банктік шоттардан қолма-қол ақша шешіп алуға қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айта кетейік, былтыр ұлттық банк, қаржы министрлігі және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен қаулы қабылдаған еді. Қаулыға сәйкес, қазақстандық кәсіпкерлер белгіленген шектен асатын қолма-қол ақшаны қандай мақсатта шешіп алатынын түсіндіруге міндетті болады.

Кәсіпкерлердің банктік шоттардан қолма-қол ақша шешіп алуына қатысты жаңа ережелер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл талаптар заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге (ЖК) қолданылады. Алайда қолма-қол ақша шешіп алуға қойылатын шектеулерден ресми түрде босатылғандар бұл тізімге кірмейді. Мұндай субъектілердің нақты тізімін ұлттық банк жеке бекітеді.

Сомаға қойылатын шектеулер:

- Бір ай ішінде бизнес субъектілері қолма-қол ақшаны белгіленген шектен артық шеше алмайды;

- Егер шектен асатын соманы алу қажет болса, қосымша талаптар мен шарттар орындалуы тиіс.

Өткен жылы ұлттық банк қолма-қол ақша шешіп алуға қатысты мынадай шектерді белгілеген еді:

- шағын бизнес үшін – айына 20 миллион теңгеге дейін;

- орта бизнес үшін – 120 миллион теңгеге дейін; 

- ірі бизнес үшін – 150 миллион теңгеге дейін; 

Белгіленген шектен аспайтын қалыпты қолма-қол ақша шешу үшін кәсіпкерлер банкке өтінім береді, банк ақшаны береді.


Жаңа үйлерден пәтер алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынды: Нені білу қажет


Ал шектен асқан жағдайда кәсіпкерлер мынадай міндеттерді орындауы тиіс:

- қолма-қол ақша шешудің мақсатын растайтын құжаттарды ұсыну (шарт, шот-фактура, сатып алу актісі, инвойс, смета, бұйрық және т.б.);

- деректерді мемлекеттік органдарға беруге келісім беру;

- тәуекелдерге қатысты тексеру нәтижесін күту.

Кәсіпкерден өтінім келгеннен кейін банк келесі жұмыс күнінің сағат 10:00-ге дейін мемлекеттік кірістер комитетіне төмендегі мәліметтерді жолдайды:

- өтінім;

- шектен асатын сома;

- қолма-қол ақша шешудің мақсаты;

- компанияның сәйкестендіру деректері;

- құжаттар;

- деректерді беруге келісім.

Мемлекеттік кірістер комитеті келесі жұмыс күнінің соңына дейін банкке жауап береді:

- тәуекел анықталса – ақшаны беруден бас тартуға болады;

- тәуекел жоқ болса – ақшаны беруге рұқсат етіледі.

Егер 3 жұмыс күні ішінде жауап келмесе, банк ақшаны беруге міндетті. Тексеру нәтижесі 1 күнтізбелік ай бойы жарамды. Ақшаны беруден бас тарту себептері құпия болып табылады және жарияланбайды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда кәсіпкерлер есепшотынан қолма-қол ақша шешу үшін қаржының қайда жұмсалатынын көрсетуге міндеттелетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 19:20