Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынады: Қандай платформаларға кіру шектеледі

Фото: medium.com

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды онлайн платформаларда тіркеуге тыйым салатын заң жобасы әзірленді. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына хабарлайды. 

Бәрі қалай басталды?

Биыл желтоқсан айының басында Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында "Онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жарияланды. Құжатта 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн платформаларға тіркеуге тыйым салу, тек жедел хабар алмасу қызметтеріне тіркелуге рұқсат беру қарастырылған.

Министрліктің айтуынша, жаңа заң жобасы онлайн-платформалардағы заңсыз контентті азайтуға және медианың дамуына байланысты нормаларды жаңартуға бағытталған. Сондай-ақ аудиовизуалды қызметтердің жұмысын реттеп, мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеуге көмектеседі. Барлық шаралар ақпараттық қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге арналған.

Құжат “Ашық НҚА” порталына жарияланып, 2025 жылы 29 желтоқсанға дейін талқылауға шығарылды.


Аустралия әлемде алғаш болып балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды


Енді әлеуметтік желілер мен маркетплейстер Қазақстанда тіркеліп, филиал ашуға міндеттеледі


Қандай платформаларға тыйым салынуы мүмкін?

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, тыйым тек әлеуметтік желілерде балаларды тіркеуге қатысты болады.

“Жедел хабар алмасу қызметтері, мысалы, WhatsApp немесе Telegram, бұл тыйымға жатпайды”, – делінген хабарламада. 

Ведомство нақты платформалардың тізімін көрсетпеген. Алайда тыйым ел аумағында жұмыс істейтін барлық әлеуметтік желілерге қатысты болмақ. Демек, заңға түзетулер енгізілсе, TikTok, Instagram, Facebook, Threads, X, VK (ВКонтакте) сияқты платформалар шектеуге ұшырауы мүмкін.

Сонымен қатар, министрлік деректеріне сәйкес, онлайн-ойындарға бұл норма қолданылмайды.

“Мысалы, Roblox, Minecraft сияқты онлайн-ойындар онлайн-платформалар немесе әлеуметтік желілер қатарына кірмейді”, – делінген хабарламада.

Пайдаланушылардың жасы қалай тексеріледі?

Мәдениет министрлігі халықаралық тәжірибені, оның ішінде аустралиялық нормаларды зерттеп жатқанын айтты. 

“Қоғамдық талқылаудан кейін халықаралық тәжірибеге сүйеніп, нақты техникалық және ұйымдастырушылық механизмдер, соның ішінде жасын растау әдістері, пайдаланушылардың деректерін тексеру тәртібі және заң талаптарын орындауға қажет басқа құралдар қарастырылады. Қазір түзетулер тек "Ашық НҚА" интернет-порталына талқылауға шығарылды”, – делінген хабарламада. 

Неліктен әлеуметтік желілер балалар үшін шектеледі?

Министрлік мәліметінше, балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау цифрлық ортада маңызды мемлекеттік басымдық саналады.

“Әлеуметтік желілер балалар үшін қауіп төндіруі мүмкін, себебі олар буллинг пен алаяқтық әрекеттердің алаңына айналады. Сонымен қатар заңсыз контент психологиялық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін”, – делінген хабарламада. 

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтың айтуынша, қазір Roblox ойыны сынды платформаны блоктау мәселесі талқыланып жатқан жоқ. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салынатыны туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 19 Желтоқсан, 2025 12:15