Қазақстанда бала туу деңгейі 11 жылда ең төменгі көрсеткішке жетті
Фото: pixabay.com
Биыл қаңтар мен наурыз аралығында елде дүниеге тірі келген 77,3 мың нәресте тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16% аз. Кемінде 2014 жылдың І тоқсанынан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика мәліметтеріне сенсек, басқа жылдарға қарағанда осы жылы тірі туған балалар санының маусымдық ауытқуы айқын көрінеді. Әдетте, жыл сайынғы ең жоғары көрсеткіштер III тоқсанда тіркеледі, әсіресе пандемия кезі 2020 және 2021 жылдары айрықша байқалған.
Ал ең төменгі көрсеткіштер, керісінше, жылдың алғашқы үш айына тән. Алайда тоқсандық ауытқуларға қарамастан, кейінгі 11 жылда бұл көрсеткіш алғаш рет 90 мыңнан төмендеді.
2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, тірі туылғандар саны Қазақстанның барлық 20 өңірінде азайды. Соның ішінде 12 өңірде орташа республикалық деңгейден де қатты төмендеу тіркелген. Ең төмен көрсеткіштер Ақмола (-22%) және Жетісу (-20,1%) облыстарына тиесілі.
Ауылдық жерлерде бала туу деңгейінің төмендеуі қалаға қарағанда айқынырақ: ауылда -18,1%, қалада -14,2%. Туу коэффициенті (тірі туғандар санының 1000 адамға шаққандағы қатынасы) де азайып келеді. Қазіргі деңгей 15,39, бұл 2024 жылдың I тоқсанымен салыстырғанда -2,94-ке төмендеген. Айта кетейік, бұл 2015 жылдан бері байқалып келе жатқан кері үрдістің жалғасы деуге болады.
Тірі туған балалармен қатар қайтыс болғандар саны да азайған. Дегенмен бұл көрсеткіш әлдеқайда аз қарқынмен төмендеді, жылына 7,2%, яғни 31 мың адамға дейін. Осылайша табиғи өсім (туғандар саны – қайтыс болғандар саны) 20,7% қысқарып, 46,3 мың адамға жетті. Бұл да – кемінде 2014 жылдың басынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Түркияда кесарь тілігін жасауға тыйым салынбақ
Депутат Қазақстанда үйлену тойын өткізу үшін несие беруге тыйым салуды ұсынды
Еске салайық, бұған дейін кейінгі үш жылда Қазақстанда туу көрсеткіші 80 мыңға азайды. 2021 жылы 446 мың сәби дүниеге келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 366 мыңға дейін төмендеген. Бұл Қаскелең немесе Жаңаөзен халқының санымен тең. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс жалғаса берсе, елдің болашақ демографиясына теріс әсер етуі мүмкін. Дегенмен Қазақстанның туу көрсеткіші қазір әлем елдерімен салыстырғанда әлі де жоғары.

"Тырнағын жұлып, қолын сындырып, азаптап өлтірген": Алматыда терезеден құлап қаза тапқан 22 жастағы қыздың анасы әділдік сұрап отыр
