Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда азық-түлік, пәтер жалдау және коммуналдық қызметтерге ваучерлер берілмек

Фото: freepik.com

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға, тұрғын үйді жеңілдікпен жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған ваучерлер әлеуметтік әмиянға қосылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны жасанды интеллект және цифрлық даму саласы бойынша бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба мына салаларды қамтиды:

  • медициналық қызметтер;
  • балабақшалар;
  • үйірмелер мен секциялар;
  • тұрғын үйді жеңілдікпен жалдау;
  • тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге берілетін жеңілдіктер;
  • әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тауарлар.

“Ваучер беру кезінде азаматтардың қолдау шараларына сай келу-келмеуі міндетті түрде тексеріледі. Әр адамға жеке ваучер тағайындалып, қызметтің нақты көрсетілгені eGov mobile қосымшасы немесе биометрия арқылы тіркеледі. Қызмет көрсетілген соң ғана төлемге арналған құжаттар қалыптастырылады. Азаматтарға қандай қолдау шаралары берілгені туралы ақпарат жеткізіліп, олар көрсетілген қызметтің сапасын бағалай алады”, – дейді Ростислав Коняшкин. 


Қазақстанның үш қаласында пилоттық негізде азық-түлік ваучерлері беріледі


Қазақстандық балабақшалар 2025 жылдан бастап ваучерлік жүйемен қаржыландырылады


Коняшкиннің айтуынша, үкімет қаржыландырудың ашықтығын арттырып, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін бағалайды. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдарға көрсетіп отырған барлық қолдау түрлерін мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізуді ұсынды. Бұл процесті толық цифрландыруға, жалған есеп пен бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуын болдырмауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік көмек алатындарға азық-түлік сатып алу үшін ваучерлер берілетіні туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 16:13