Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық азамат Германияға кету үшін сот арқылы ұлтын өзгертіп алды

Фото: Stan.kz

Германияға "кеш қоныс аударушылар" бағдарламасы бойынша баруды көздеген қазақстандық азамат сотқа жүгініп, құжаттарындағы ұлтын итальяннан неміске өзгертуге қол жеткізді. Сот оның әке жағынан неміс әжесі бар екенін ескеріп, талапкердің өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда ерекше жағдай тіркелді: ел азаматы сот арқылы өзінің құжаттарындағы ұлтын өзгертуге қол жеткізді. Енді ол бұрын көрсетілген итальян ұлтының орнына неміс ұлты ретінде тіркелді.

Азамат Германиядағы "кеш қоныс аударушылар" бағдарламасына қатысуды жоспарлаған. Сол себепті ол құжаттарындағы ұлты туралы мәліметті өзгерткісі келген. Ресми деректер бойынша оның әкесі итальян, анасы орыс ұлтынан. Алайда әке жағынан әжесі неміс болғандықтан, ол өзін неміс ұлтына жатқызуға негіз бар екенін алға тартқан.

Тиісті тіркеу органы оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, алдымен әкесінің ұлтын өзгерту қажет екенін айтқан. Бұл шешіммен келіспеген азамат сотқа жүгінеді.

Сот іс материалдарын қарастыра келе, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтың ұлтын өзгертуге құқығы бар екенін атап өтті. Заң бойынша ұлтты тек ата-анасының біріне ғана байланысты емес, басқа да өмірлік жағдайларға қарай таңдауға мүмкіндік беріледі.

Нәтижесінде сот талапкердің өтінішін қанағаттандырып, оның құжаттарындағы ұлты туралы деректі өзгертуге рұқсат берді.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда енді жеке куәлік пен төлқұжатты онлайн ауыстыруға болатынынжазған едік. Мәліметтерге сенсек, жобаны ішкі істер министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеп жатыр. Кейбір деректерде құжаттарды тіпті мобильді қосымша арқылы рәсімдеуге болатыны айтылған. Жобаны іске асыру бір жылға созылуы мүмкін. Алдын ала жоспар бойынша, ол 2026 жылдың 31 наурызында іске қосылады.

Айым Атамбаева
Жұма, 03 Сәуір, 2026 10:48