Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлік лизинг компаниясының иелігінде болады: Желтоқсанда іске қосылатын жаңа бағдарлама жайлы не белгілі

Фото: Ri luck/Getty Images

2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әзірге тек негізгі талаптар ғана белгілі.

•    лизинг мерзімі — көліктің пайдалы пайдалану мерзімінің кемінде 75%-ы (яғни шамамен 5–6 жыл);
•    сыйақы мен айыппұл мөлшері — жылына 46%-дан аспайды;
•    төлем екі есептік кезеңнен артық кешіктірілсе, келісімшарт бұзылып, көлік лизинг берушіге қайтарылады;
•    әрбір кешіктірілген күн үшін айыппұл есептеледі.

Дегенмен, автолизингтің тиімділігі автонесиемен салыстырғанда алушының мақсаты мен шарттарға байланысты болады.

Көлік кімнің меншігінде болады

Автонесие — екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін қарыз. Азамат банктің қаражатына көлік сатып алады және сол ақшаны сыйақысымен бірге қайтаруға міндетті. Көлік қарыз толық өтелгенге дейін банктің кепілінде тұрады, бірақ иелік құқық иесіне тиесілі болады.

Лизингте көлік лизинг берушінің (көбіне автодилердің) меншігінде қалады, ал азамат оны жалға алып пайдаланады. Ай сайынғы төлемге жалдау ақысы мен көліктің құнының бір бөлігі кіреді. Мерзімі аяқталған соң көлікті қайтарып беруге немесе қалдық құны бойынша сатып алуға болады. Егер сатып алудан бас тартса, төленген сома жалдау ақысы ретінде есептеледі және қайтарылмайды.

Көлікті пайдалану еркіндігі

Автонесие жағдайында көлік иесі оны өз қалауынша пайдаланып, қажет болса сата алады. Сатудан түскен қаражатпен қарызын жабуға мүмкіндік бар. Егер көліктің сатылу бағасы қарыздан төмен болса, айырмашылықты иесі өзі төлейді.

Лизингте көлікті сату немесе өзгерту мүмкін емес, өйткені ол лизинг берушіге тиесілі. Келісімшартта техникалық өзгерістер мен жүріс (пробег) бойынша шектеулер болуы мүмкін. Бірақ, егер төлемдер уақытында жасалса, борыш немесе несие тарихына теріс әсер ету қаупі болмайды.

Міндеттемелер мен қаржылық тәуекелдер

Автонесие бойынша төлем кешіктірілсе, қарыз өсіп, несие тарихы нашарлауы мүмкін. Қарыз үлкен болса, көлікке тыйым салынуы ықтимал.

Лизингте азамат қаржылық жағдайы нашарласа, келісімшартты мерзімінен бұрын бұзып, көлікті қайтарып бере алады. Бұл борыш пен несие тарихын бұзудан  құтылуға мүмкіндік береді. Бірақ көлікті қайтарған соң, оны қайта пайдалану үшін жаңа лизинг рәсімдеу қажет болады.

Қаржылық ерекшеліктер

Автонесие алу кезінде бастапқы жарна қажет және ай сайынғы төлемдер жүргізіледі.Лизингте алдын ала төлем (аванстық жарна) 0-ден 50%-ға дейін болуы мүмкін. Ол міндетті емес, бірақ болса, ай сайынғы төлем азаяды. Егер келісімшарт соңында көлікті сатып алмау туралы шешім қабылданса, бұл жарна қайтарылмайды.

Әдетте, лизинг бойынша айлық төлемдер автонесиеге қарағанда төмен болады, бірақ бұл шарттарға байланысты. Автонесие — көлікті толық меншігіне алғысы келетін және оны ұзақ мерзімге пайдалануды көздейтін азаматтарға тиімді. Бірақ қарызды өтеу барысында қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін. Автолизинг — көлікті жиі ауыстырғысы келетін және борышқа батқысы келмейтіндер үшін ыңғайлы. Төлемдер әдетте төмен, бірақ көлік лизинг берушінің меншігінде болады.

Қазір жеке тұлғаларға арналған лизинг бағдарламасының нақты шарттары әлі жарияланған жоқ. Барлық талаптар автодилерлер мен лизинг компаниялары ұсынатын келісімшарттарға байланысты болады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 07 Қараша, 2025 14:31
Талқылау