Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саяси жағдай осындай": Қазақстанда не себепті өз аумағын қорғайтын "еріктілер" жасақталғалы жатыр

Фото: Қорғаныс министрлігінің ресми сайтыФото: Қорғаныс министрлігі

Сенат депутаттары бүгін, 2025 жылғы 5 маусымда "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" заңды мақұлдады. Құжат қол қою үшін мемлекет басшысына жолданды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттың агенттігі хабарлайды.

Депутаттардың түсіндіруінше, бұл заң қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу және мемлекеттік саясаттың заңдық негіздерін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.

Заңда Қазақстан Республикасы президентінің, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, үкіметтің, қорғаныс министрлігінің, ҚР қарулы күштері бас штабының, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері, заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері бекітілген. 

"Заңға аумақтық қорғанысты тиімді ұйымдастыру үшін қажетті жаңа терминдер мен анықтамалар енгізілген. "Ерікті" және "Өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" сияқты негізгі ұғымдар мемлекетіміздің қорғаныс жүйесіне бірінші рет енгізілді", –  деді заң жобасымен таныстырған сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Заңда қамтылған "ерікті адам" және "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" негізгі ұғымдары Қазақстан Республикасы азаматтарының соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында өзін-өзі қорғауды қалыптастыруға ерікті түрде қатысуын көздейді. Бұл Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі үшін жаңашылдық болып саналады. 

Сенат кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдиов егер қазақстандықтар "өз үйін өз еркімен күзетіп, қорғаймын" десе, қорғаныс министрлігі оған қарсы болмайтынын айтты. Министрдің орынбасары мұндай ниетті "жақсы іс" деп атады.

Сондай-ақ ол неге бұл заңның қазір қабылданып отырғанын түсіндіріп, "Мұны алдын алу шарасы деп атауға бола ма?" деген сұраққа жауап берді.

"Бір сөзден "иә, алдын алу шаралары" деп жауап беруге болады. Ал сіздер мұны 10 жылдан кейін немесе кеше жасағанымызды қалап па едіңіздер? Кешегіні бүгін істей алмаймыз, ал 10 жылдан кейін не боларын білмейміз, мүмкін ол кезде басқа құрылымдар пайда болатын шығар. Жалпы даму, соның ішінде әскери ғылымның да дамуы әлемде және аймақта қалыптасып жатқан геосаяси жағдай негізінде іске асырылады. Осыған сүйене отырып, біз бәрін болжай алмаймыз және қарулы күштер барлығын қорғауға ала алмайды деп есептейміз", – дейді Камалетдиов.

"Демек, геосаяси жағдайға қарап, талдау жүргізіп, Қазақстанға қазір мұндай түзетулер қажет деп шештіңіздер ме?" деген сұраққа министрлік өкілі оң жауап берді.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 11:45
Талқылау