Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік реттеу алынып тасталғаннан кейін дизель отынының бағасы қалай өзгереді

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Министрдің айтуынша, бұрын дизель отынының бағасы өңірлерге жеткізілгенде литрі 228 теңге деңгейінде ұсталған. Бұл қосылған құн салығы есебімен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде литріне 250 теңге бағада сатылды.

"30 қаңтарда АИ-92 және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу жойылды. Министрлік ұсынған дизель отынының биылғы бағасы өңірлердегі межелі станцияға жеткізілгенге дейін литріне 232 теңгені құрайды. Түпкілікті бағаны өңірлік операторлар белгілейді. Бұл литріне 254 теңгені құрауы мүмкін. Яғни 45+ теңге/литрге арзан немесе жанармай құю бекеттерінде бөлшек сауда бағасынан 15% төмен болады. Ол жанармай құю станциясындағы бағаға байланысты пропорциялы түрде көтеріледі", – деді Сәтқалиев. 



Министр жанармай құю бекеті бағасының 15% жеңілдігі өзгеріссіз қалады деп сендірді.

Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын тасымалдаудың ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • жеке ПИН-кодтар алынды;
  • дизель отынының түсі сары, көк және қызыл болып белгіленді;
  • электронды шот-фактура жүйесінде дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құрылады.

Еске салсақ, елімізде бұдан былай бензин мен дизельді үстіне баға қосып сатқан компаниялардың табысының 80 пайызын мемлекет алып отыратыны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау