Қазақстанда "Ауыл – ел бесігі" сияқты кейбір әлеуметтік бағдарламалардың күші жойылады
Фото: pixabay.com
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәжілістегі үкімет сағатында елдегі бірқатар әлеуметтік бағдарламаның күшін жою жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-премьер енді жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау кезінде мемлекеттік органдар мен өңірлер жергілікті бюджеттің барлық деңгейіндегі Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштерін басшылыққа алатынын атап өтті.
Басты міндет – артта қалған бағыттар бойынша оларды орташа аудандық, облыстық және республикалық деңгейге дейін теңестіру үшін қажеттілікті қамтамасыз ету.
"Осылайша, жергілікті бюджет базасына бұрын дамуға арналған нысаналы трансферттер және қазіргі трансферттер есебінен қаржыландырылған республикалық бюджет шығыстарының бағыттары енгізіледі. Бұл сумен жабдықтау және су тарту нысандары, инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымы", – деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, бұл шығыстардың нысаналы мақсатын жоғалтпау және қаражаттың басқа басымдығы төмен салаларға бағытталуына жол бермеу мақсатында олардың нысаналы мақсатын көрсете отырып, заңға жеке қосымшамен бекітіледі. Оларды жоспарлаумен салалық мемлекеттік органдар айналысады. Ал оны тексеру комиссиясы бақылап, бағалайды.
"Бұл жерде біз "Ауыл – ел бесігі", "Қалалардың шет аймақтарын дамыту", шағын және моноқалалардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және т.б. сияқты түрлі бағдарламалар аясында елді мекендердегі жобалар мен іс-шараларды нүктелі қаржыландырудан алшақтап бара жатқанымызды түсінуіміз керек. Бұл бағдарламалардың күшін жоямыз", – деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары.
Енді республикалық бюджеттен жалпы мемлекеттік маңызы бар нысандар мен маңызды инфрақұрылымдар қаржыландырылады.
"Қарапайым тілмен айтқанда, жоғары әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін құны елеулі жобалар республикалық бюджеттен, ал халықтың өмірін қамтамасыз етуге маңызды нысандар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады", – деп түсіндірді Жұманғарин.
Еске салсақ, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин келер жылдан, яғни 2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге қосымша 100 млрд теңгеден астам кірістер аударылатынын мәлімдеген еді.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
