Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда атом саласындағы 40 жыл: Сильнягиндер әулетінің еңбек жолы

Елімізде жыл сайын 28 қыркүйекте атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл салада әулетімен қызмет ететіндер жеткілікті. Солардың бірі – Ядролық физика институтында тер төгетін Сильнягиндер отбасы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BaigeNews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

сильнягин

Фото: Павел Сильнягиннің жеке мұрағатынан/BaigeNews.kz

Павел Сильнягин – Ядролық физика институты газ-вакуумдық тұзақты қондырғы тобының басшысы, еңбек өтілі 39 жыл. Ер адам Алматы облысындағы Алатау ауылында туған. Сөзінше, мамандық таңдауда аймақтағы ғылыми-зерттеу атом реакторының болуы әсер еткен. 

"Ядролық физика институтының жақында болуы атом өнеркәсібі саласына қызығуыма әсер еткен шығар. Бұл өте қызық салағ түрлі деңгейді қамтиды. Ғылыми зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасауға, практикалық тәжірибеге де мүмкіндік бар", – деді Павел Сильнягин.

1990 жылы ол Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетін аяқтап, Ядролық физика институтында қызмет ете бастаған. Осы кезде оның жұбайы Надежда Сильнягина да институт қабырғасында жұмыс істепті. 

Кеңес үкіметі тараған соң елде қиын кезең басталды. Ғылыми қызметкерлерге жалақы жетпеген. Отбасын асырау үшін Павел жұмыстан шығып, көлік жөндеу орталығына ауысыпты. 

"Талай қондырғылар жұмыс істемей, жеткізуде де мәселе туындады. Отбасын асырап, қиындықтан шығу керек болды. Қиын кезең дер едім, не істерімді білмедім", – дейді Павел Сильнягин. 

сильнягин

Фото: Павел Сильнягиннің жеке мұрағатынан/BaigeNews.kz

Ата-ана ізімен

Надежда Сильнягина институттағы қызметін жалғастыра беріпті. Отағасы басқа салада жұмыс істегеніне қарамастан, атом өнеркәсібін таса қалдырмапты. Үйде институттың дамуын талқылап, әңгіме өрбітеді екен. 

"Институтта не болып жатқанынан үнемі хабардар едім. Оң өзгерістерге қуанатынмын", – дейді Сильнягин. 

2012 жылы ол институтқа қайта жұмысқа орналасыпты. Елдегі атом саласын дамытуды көздеген ол осындай шешімге келген. Маманның сөзінше, институт қызметінің алға басуы, қызметкерлерге жасалған жағдай мен заманауи қондырғылар да қызметіне қайта оралуына әсер еткен. 

Ата-аналарының атом саласында еңбек етуі Сильнягиндердің балаларына да ықпал еткен. Үлкен ұлдары Павел авиациялық техника саласында бакалаврд дәрежесін алған. Қазір Ядролық физика институтында инженер-механик болып жұмыс істейді. Білімі мен қарым-қабілетін күрделі ғылыми есептерді шешуде және жаңа технологияларды дамытуда қолданады екен. 

Кіші ұлдары Александр ағасының ізін басып, ғылыми-техникалық бөлімде технологиялар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Олар бұл салады 14 жыл еңбек етіпті. 

сильнягин

Фото: Павел Сильнягиннің жеке мұрағатынан/BaigeNews.kz

"Біздің жұмысымыз балалардың талпынысы мен мамандығына әсер еткен секілді. Отбасыда әр іске кәсібилік таныту, өзін-өзі дамытуға көңіл бөлеміз. Ұлдарымызға еңбекқорлық пен мақсатқа жетуде табандылық секілді қасиеттерді сіңіруге тырыстық. Біз үшін балаларымыздың мамандық таңдап қоймай, әр таңдауына мән беруі маңызды еді", – деді Павел Сильнягин.

Атом саласындағы кадрлар

Павел Сильнягин Ядролық физика институтының атом саласын дамытуға маңызын баса айтады. Айтуынша, ғылыми орданың болашағы жарқын. Себебі институт қабырғасында білікті мамандар даярланады, олар болашақта атом саласының дамуына үлес қосады дейді. 

"Мекеме зерттеу жүргізіп қоймай, маман даярлауға да үлес қосады. Бұл мамандар атом энергетика саласында тер төгіп, ядролық технологияларды дамытады", – дейді Павел Сильнягин. 

Атом электр станциясын Қазақстанда салу атом өнеркәсібінің дамуына оң әсер етеді, дейді сарапшы. Оның пікірінше, білікті мамандар мен оқу орындарының ашылуы осындай жобалардың сәттң жүзеге асуына әсер етеді. 

"Бізде бұған қажетті барлық нәрсе бар, кәсіби мамандар мен оқу орындарына шейін. АЭС салу жөнінде шешім қабылданса, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуда жаңа кезең басталмақ", – деп қосты ол. 

Талқылау