Мемлекеттен көмек алатын қазақстандықтар шығындары жөнінде есеп беруге міндеттеледі
Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау тәртібі өзгертілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Өзгерістер жобасында енді атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер қазақстандықтар мемлекетке өз шығындары туралы, банк шоттарындағы ақша қозғалысы, банк несиелері, микронесиелер, жинақ шоты мен депозиттеріне қатысты мәліметтерді ұсынуы қажет екені айтылған.
Бұл ақпарат тек үміткер атаулы әлеуметтік көмек алу үшін келісім берген жағдайда ғана қолжетімді болады.
"Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысындағы өзгерістер шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді", – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесінде.
Бұйрық жобасы 5 мамырға дейін қоғамдық талқылауда болады. Қабылданған жағдайда өзгерістер 2025 жылдың желтоқсанында күшіне енеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда зейнетақы, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері өсетіні туралы жазған едік.