Қазақстанда әскерилердің азық-түлік пайкасының құны қайта қаралады
Фото: Қорғаныс министрлігі
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстанда әскери қызметкерлердің азық-түлік пайкасының құнын қайта қарау жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Олжас Бектенов азық-түлік пайкасының құнын арттыру және оны есептеу әдістемесін жетілдіру мәселелері қорғаныс министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобының қарауында екенін айтты.
"Бұл жұмыс тобына мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың (Қаржы министрлігі, ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, "Атамекен" ұлттық палатасы) өкілдері кіреді. Топ 2023-2024 жылдардағы статистикалық деректерді ескере отырып, азық-түлік пайкасының құнын қайта есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар есептеу тәсілдерін қайта қарау бойынша бірыңғай ұстанымдар қарастырылып жатыр. Оның ішінде әскердің өз-өзін азық-түлікпен қамтамасыз етуге көшу мүмкіндігі де бар", – делінген премьер-Министрдің жауабында.
Олжас Бектеновтің айтуынша, жұмыс тобы инфляция мен бағаның өсуін ескере отырып, азық-түлік пайкасының құнын тұрақты түрде түзету механизмін енгізу мәселесін де талқылап жатыр. Сонымен қатар әскери қызметкерлердің тамақтануын қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылау тетіктері қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда бір сарбазды тамақтандыруға тәулігіне 2 225 теңге бөлінетіні айтылған еді.
Қазақстандағы мектеп асханалары ескертусіз тексеріледі
"Швед үстелі, ланч-бокстар болады": Қазақстан мектептерінде тамақтану ережелері өзгерді
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық ұлан әскерилерінің тамақтану рационына ет, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдар енгізілетінін жазған едік.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
