Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерилердің ас мәзіріне ет пен бауырсақ қосылмақ

Ұлттық ұлан әскерилердің тамақтану рационына ет, бауырсақ және басқа да ұлттық тағамдар енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: satu.kz

Мәліметтерге сенсек, бастама ұлттық асхананы насихаттау және мәдени құндылықтарды сақтау мақсатында көтерілген. Рационға ет, сірне, наурыз көже, нарын, кеспе және бауырсақ қосу ұсынылып отыр.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары Еркебұлан Хамидуллин мәдени бірегейлікті сақтауға бағытталған маңызды қадам екенін айтады.

"Әскерилердің ас мәзіріне ұлттық тағамдарды енгізу – жай ғана жаңашылдық емес, бұл жауынгерлердің рухын нығайтады", – деді Еркебұлан Хамидуллин.

Ұсынылған өзгерістер Қазақ тағамтану академиясымен алдын ала келісілген. Ұлттық ұланның мәлімдеуінше, мұндай тағамдар зат алмасуды жақсартып, иммунитетті нығайтуға және ауыр физикалық жүктемеден кейін күшті қалпына келтіруге көмектеседі.



Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы мектеп асханаларының ас мәзірін әзірлегенін жаздық. Министрлік мәліметінше, жаңа ас мәзіріне қазақтың дәстүрлі тағамдары – тұздық қосылған қайнатылған жылқы еті, жент, құрт және сиыр еті қосылған сірне сияқты тағамдар енген. Сонымен қатар пайдалы салаттар, йогурттар, компоттар және көкөністер бар. Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларына арналған мәзірдің "саланың жетекші мамандарымен" бірлесе отырып жасалғанын атап өтті.

Талқылау