Қазақстанда әскери қызметкерлерге арналған ипотека шарттарын жеңілдету ұсынылды
Фото: Қорғаныс министрлігі
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов “Әскери баспана” бағдарламасы аясында бастапқы жарна мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен “Отбасы банк” басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың кездесуі барысында әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеңілдетілген ипотека бағдарламасын қайта іске қосу мәселесі талқыланды. Министр жеке құрамның әлеуметтік әл-ауқаты қорғаныс министрлігінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
“Әскери қызметкерлер үшін жеңілдетілген ипотекалық несиелерге нақты қолжетімділік маңызды. Қазір мұндай мүмкіндік шектеулі, ал тұрғын үй бағасының өсуіне байланысты бастапқы жарна жинау іс жүзінде мүмкін болмай отыр”, – деді министр.
Сондай-ақ ол “Отбасы банк” мобильді қосымшасына қатысты техникалық мәселелерді жедел шешкені үшін алғысын білдіріп, оның толық қалпына келтірілуіне сенім артты. Кездесуде “Баспана.кз” сайтында жарияланған жаңа талаптар да сөз болды. Министрдің айтуынша, бұл талаптар әскери қызметкерлерге жалдамалы тұрғын үй рәсімдеу кезінде қосымша қиындықтар тудырып отыр.
Министрдің мәліметінше, бүгінде 15 мыңнан астам әскери отбасы тұрғын үй төлемдері мен ипотекалық бағдарламалар, соның ішінде “Әскери баспана” арқылы баспана жағдайын жақсартқан. Сондай-ақ ол бұрынғыдай екінші деңгейлі нарықтан пәтер сатып алу мүмкіндігін қайтаруды ұсынды. Себебі көптеген әскери қызметкер дайын жөндеуден өткен, инфрақұрылымы дамыған және қызмет орнына жақын үйлерді таңдайды.
Кездесу қорытындысында тараптар әскери қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешуге және тиімді шарттар ұсынуға дайын екенін растады.
Қазақстанда қараша айында 7–9% мөлшерлемемен ипотекаға өтінім қабылдау қайта басталады
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда әскери қызметкерлерге арналған “Әскери баспана” бағдарламасы қайта іске қосылғанын жазған едік. “Отбасы банк” төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарлама аясында шамамен 7 мың әскери қызметкер дайын пәтер сатып ала алады. Барлық баспана “Баспана маркет” платформасы арқылы ұсынылады, ал пәтер бағасы мемлекет бақылауында болады. Құрылыс компаниялары 36 айға дейін бағаны өсірмеу туралы келісімшартқа отырмақ.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
