Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әскерге шақырылғандарды мемлекет есебінен сақтандыру ұсынылды

Сенатор Амангелді Нұғманов Қазақстандағы мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздарды медициналық тексеруден өткізу мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Сенат депутатының айтуынша, азаматтардың әскери қызметке жарамдылығын анықтайтын әскери-дәрігерлік комиссияның жұмысында күрделі мәселелер бар.

Депутат басты мәселелердің бірінің сапалы тексеруге уақыттың тапшылығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң бойынша әскерге шақырылушыларды жасақтауға небәрі үш күн беріледі. Бұл барлық қажет медициналық процедураларды, зертханалық және аспаптық зерттеулерді өткізуге жеткіліксіз. 

"Әскерге шақырылғандардың көбі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сақтандырылмауы да қиындық туғызып отыр. Бұл олардың денсаулығына шағым түскен жағдайда тексеруден өтуін қиындатады. Өйткені сақтандыру жарнасының болмауы толық медициналық тексеруден өтуге кедергі жасайды", – деді Нұғманов.


Талдықорғанда әскерге жаңадан шақырылған сарбаздар жаппай ауруханаға түсті


Сенатор осы және басқа да мәселелер әскерге шақыру процесіне деген сенімге нұқсан келтіретінін және азаматтардың әскери қызметке деген көзқарасына кері әсерін тигізетінін атап өтті. 

"Әскерге шақыру науқаны кезеңінде әскери міндеттілерді мемлекет есебінен сақтандырылған тұлғалардың жеңілдікті санатына енгізу мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан қарастыру қажет. Әскери комиссариаттардың жолдамасы бойынша медициналық тексеруден өтіп жатқан әскерге шақырылушыларды медициналық қызмет ақысын төлеуден босату керек. Бюджеттік саясат және шығындарды оңтайландыру қағидаттарын сақтау мақсатында көп мәрте тексеруден өтуге кететін шығындарды азайтатын және жергілікті бюджетке түсетін салмақты азайтатын өңірлік бірыңғай әскерге шақыру дәрігерлік комиссиясын құру қажет деп санаймыз. Сондай-ақ алдағы уақытта әскерге шақырылғандар тіркеу бойынша жергілікті емханаларда медициналық тексеруден өткенде медициналық қорытындыны тікелей әскери комиссариатқа жіберуді ұсынып отырмыз", – деді Амангелді Нұғманов.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда әскердегілерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру енгізу ұсынылған еді. 

Талқылау