Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әртістерге алып қашу туралы ән айтуға тыйым салынбақ

әншілерФото: ru.freepik.com

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қазақстандық әртістердің қалыңдық ұрлауды насихаттайтын әндеріне билік тарапынан шектеу қойылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сенат кулуарында мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов қазақстандық әртістердің шығармашылығында қалыңдық ұрлауды насихаттайтын әндерге қатысты ұстанымдарын айтты.

"Біз бұған міндетті түрде назар аударамыз", – деді вице-министр Евгений Кочетов.

Оның айтуынша, қалыңдық ұрлауды насихаттайтын әндерді орындайтын қазақстандық әртістерге шығармашылық мазмұнын өзгерту немесе мұндай әндерден бас тарту жөнінде ұсыныс жасалуы мүмкін.

Сондай-ақ Евгений Кочетов соңғы уақытта кейбір өңірлерде қыз алып қашуға қатысты оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырғанын атап өтті.

“Біз жекелеген өңірлерде қыз алып қашуға қатысты соңғы оқиғалардың қоғамда қандай резонанс тудырғанын жақсы түсінеміз әрі көріп отырмыз. Біз сіздердің қолдауларыңызға үміт артамыз. Қоғамның өзі әртістерді басқа тақырыптар туралы ән айтуға ынталандырады деп сенеміз”, – деп түйіндеді мәдениет және ақпарат вице-министрі.



Еске салайық, бұған дейін президент Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза табуына қатысты пікір білдіріп, бұл істің қоғамда кең резонанс тудырғанын айтты. Мемлекет басшысы күдіктінің қызды ұзақ уақыт аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені алдын ала тергеуде анықталғанын атап өтті. Бұдан бөлек Тоқаев қызды алып қашу, адам ұрлау деген сөз – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс деп айтқан еді.

Айым Атамбаева
Жұма, 06 Ақпан, 2026 12:24