Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ардагерлер мен мүгедектер тізіміне үлкен тексеріс басталды: Кімдер жәрдемақыдан қағылады

Фото: depositphotos.com

Президенттің тапсырмасы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қорғаныс министрлігімен бірлесіп әлеуметтік төлемдерді растау бойынша науқан бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тексеріс кезінде әскери қақтығыстардың ардагерлеріне және медициналық диагноздардың растығына ерекше назар аударылмақ. Көпшілікті Кеңес Одағы ыдырағанына 30 жылдан асып кетсе де, шетелдерде әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер саны Қазақстанда өсе беретініне таңғалады. Бұл құбылысты жауапты мамандар ардагерлер “жасарып барады” деп емес, тарихи әділеттілік орнатылуда деп түсіндіріледі.

Айта кетейік, 2020 жылы қабылданған "Ардагерлер туралы" заң бұрын белгісіз немесе "сұр аймақта" қалып келген адамдарды да ресми түрде ардагер ретінде таныды. Мұндай адамдар – Ирактағы қазақстандық бітімгерлер, Таулы Қарабақтағы келіссөздерге қатысқандар мен 1990-жылдары ТМД-ның тәжік-ауған шекарасында қызмет еткендер. Бұл мәртебе оларға мемлекеттік жәрдемақылар мен жеңілдіктерге толық құқылы болуға мүмкіндік берді.

Алайда ардагерлер санының көбеюі әлеуметтік төлемдерді бақылауды қатаңдатуды талап етті, өйткені нақты батырлармен қатар "жалған ардагерлердің" де саны артқан.

Президенттің 2025 жылғы жолдауына сәйкес құқық қорғау және әлеуметтік сала органдары “жалған ардагерлерге” қарсы күресу үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Еңбек министрлігінің аумақтық бөлімдері мен әскери басқару органдарының негізінде арнайы комиссиялар құрылып, зейнетақы істері қайта тексерілуде.

Тексеру әдісі қарапайым: әскери билет және қорғаныс министрлігінің мұрағатындағы мәліметтер “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының базасымен салыстырылады. Кез келген сәйкессіздік кезінде (күндер, бұйрық нөмірлері немесе қызметке қатысты география бойынша) төлемдер дереу тоқтатылады және қосымша тексеріс жүргізуге негіз болады.


Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?


Тағы бір өткір мәселе – мүгедектік мәртебесін берудің негізділігі. Соңғы үш жылда аймақтық медициналық ұйымдардың жұмыстық кемшіліктері анықталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2023–2025 жылдар аралығында азаматтарды дәлелсіз мүгедектікке медициналық-әлеуметтік сараптамаға негізсіз жолдаудың 10,6 мың жағдайы анықталған

Мүгедектікке негізсіз жіберілген жағдайлар бойынша көш бастап тұрған өңірлер: 

- Түркістан облысы – 403,

- Атырау облысы – 241,

- Батыс Қазақстан облысы – 224 жағдай.

Мүгедектік мәртебесін алудағы сыбайлас жемқорлық белгілерін жою үшін Қазақстан цифрландыруға көшуді жоспарлап отыр. Мақсат – науқас пен шешім қабылдайтын сарапшыны мүмкіндігінше бір-бірінен бөліп тастау.

Ақмола және Павлодар облыстарында дәрігерлік комиссияларды орталықтандыру пилоттық жобасы іске қосылды. Енді аудандық емханалар мүгедектік мәртебесібойынша өздері бір жақты шешім қабылдай алмайды, оны тәуелсіз орталық растауы тиіс. Сондай-ақ кейбір науқастар бойынша қашықтан медициналық-әлеуметтік сараптама жасалады, яғни мүгедектік электрондық медициналық карта мен талдаулар негізінде автоматты түрде беріледі. 

Министрлік мәліметінше, әзірге жалған мүгедектік немесе дерекқорды бұзу деректері бойынша ірі қылмыстық істер тіркелмеген, тексеріс жалғасуда.

Министрлік әлеуметтік көмек адал әрі нақты бағытталуы қажет екенін, бюджеттен бөлінген әр теңге нақты ардагерге немесе шын мұқтаж адамға жетуі тиіс екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшері ұлғайтылғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 21:16