Қазақстанда алаяқтар мұғалім болып танысып, оқушыларға қоңырау шала бастаған
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қоңырау шалып, өзін мұғалім ретінде таныстыратын алаяқтар пайда болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеп, ата-аналарды сақтыққа шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алаяқтар электронды күнделікті қайта рәсімдеу керек деген сылтаумен балаларға сенімге кіріп, SMS арқылы келген құпия кодты сұрайды. Кодты алған соң, қылмыскерлер мемлекеттік қызметтер порталына, онлайн-банкинг жүйесіне және туыстарының банк шоттарына қол жеткізуі мүмкін.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтарға жеке деректерді бөгде адамдарға жария етпеуді ескертті.
"Ата-аналар балаларға нақты мұғалімдер ешқашан SMS-код немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіруі керек. Сонымен қатар телефонға ата-ана бақылауын орнатып, бейтаныс нөмірден келген қоңырауларға қадағалау жүргізген жөн", – деді комитет басқармасының жетекшісі Ләззат Исмуханова.
Баламен талқылау керек маңызды жайттар:
-
Ешқандай жағдайда SMS арқылы келген кодтарды айтпау: қоңырау шалған адам өзін мұғалім немесе мектеп қызметкері ретінде таныстырса да;
-
Күмән туындаған сәтте бірден ата-анасына хабарласып, ақпаратты нақтылау;
-
Күдікті сілтемелерге өтпеу және бейтаныс қосымшаларды жүктемеу.
Ата-аналар не істей алады:
-
Балаға шынайы мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS кодтарын немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
-
Баланың телефонына ата-ана бақылауын орнатып, бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларды қадағалау;
-
Балаға сенімді орта қалыптастырып, ол осындай жағдайларды жасырмай, ашық айтуға дағдылануы үшін қолдау көрсету.
Егер күдікті әрекет байқалса, дереу полицияға немесе 111 байланыс орталығына хабарласу қажет.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
