Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әкімдіктер Сібір жарасының тарап жатқанын жасырып қалған - прокуратура

Прокуратура Қазақстанда соңғы үш жылда Сібір жарасы мен аусыл сияқты жануарлардың аса қауіпті ауруларының 900-ден астам ошағы тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Прокуратураның мәліметінше, өңірлердегі әкімдіктер нақты жағдайды жасырып отырған көрінеді. 

Экологиялық заңнаманы қадағалау департаментінің аға прокуроры Бауыржан Мұқашевтың айтуынша, өткен жылы ғана Сібір жарасы төрт облыста – Ақмола, Жамбыл, Түркістан және Қарағанды ​​облыстарында тіркелген. Аурудан 100 бас мал қырылған. 37 адам ауру жұқтырып, науқастардың біреуі көз жұмды. 

Биылғы жылы Қостанай, Алматы және Жамбыл облыстарында індет ошақтары тіркелген.



"Соңғы үш жылда жануарлардың аса қауіпті ауруларының 900-ден астам ошағы анықталды. Бұл тек ресми деректер. Шындығында, көп жағдай жасырылып қалады, мұны біздің тексеру қорытындысы растап отыр", – деді Мұқашев ветеринария жүйесін дамыту мәселелері талқыланған мәжіліс комитетінің отырысында.

Прокурорлар Ақмола облысында 2022 жылы 14 мың бас ірі қараның аусыл ауруына шалдыққаны жасырырылғанын анықтады. Осындай фактілер тағы үш облыста анықталған.

"Біз 30 мың жалған вакцинация сертификатын анықтадық. Іс жүзінде бұдан да көбірек деп ойлаймын. Сапасы төмен вакциналарды сатып алу және оның бағасын екі миллиард теңгеге жоғарылату фактілері бойынша тексеру басталды. Тергеу антикорға тапсырылды", – деді прокурор. 

Сонымен қатар прокурор малды сою және базарларға мал өнімдерін жеткізу кезінде санитарлық нормаларды бұзу фактілері анықталғанын да атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін Атыраудағы мал базарынан Сібір жарасы табылғаны туралы жазған едік.

Талқылау