Қазақстанда әкімдерге жаңа өкілеттіктер берілмек
Фото: t.me/modgovkz
Бүгін сенат "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" заңды мақұлдады. Заңда әкімдерге жаңа өкілеттік беру туралы бап қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат отырысында депутат Марат Қожаев аумақтық қорғаныс туралы заң жобасында әкімге аумақтық қорғаныс бастығы өкілеттігі берілетіні туралы бап қарасытырылғанын айтты.
"Заңға сәйкес, қорғаныс министрлігі аумақтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орган ретінде аумақтық қорғанысты даярлау мен жүргізу қағидаларын әзірлейді, аумақтық қорғаныс объектілерінің тізбесін айқындайды, аумақтық әскерлерді қару-жарақпен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаралып жатқан салада мемлекеттік бақылауды іске асырады. Бұл ретте, осы заңның 13-бабында әкімнің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтық қорғанысының бастығы болып саналатыны және оның ұйымдастырылуы мен жай-күйіне жауапты екендігі белгіленген", - деді Қожаев.
Осы ретте ол қорғаныс министрлігі өкілінен әкім міндеттері қалай айқындалатынын сұрады.
"Аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргізу мәселелерінде олқылықтарға жол бермес үшін қорғаныс министрлігі, әкім қандай шешімдер қабылдайтынын айқындайтын заңға тәуелді нормативтік-құқық акт шығарыла ма?", – деп сұрады ол.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов заңда әкімге аумақтық қорғаныс аймағының бастығы міндеті қоса жүктелетінін растады.
"Осы заң қабылданғаннан кейін бірқатар заңға тәуелді акті әзірленеді. Соның ішінде мемлекет басшысының аумақтық қорғаныс жүйесін ұйымдастыру туралы жарлығы әзірленді. Нормативтік құқықтық акт жабық сипатта болады, онда уәкілетті органдардың, Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органның бағыныстылығы мен жауапкершілігіне қатысты барлық мәселе қарастырылады", – деп жауап берді Камалетдинов.
Еске салсақ, сенат депутаттары бүгін, 2025 жылғы 5 маусымда "Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы" заңын мақұлдады. Құжат қол қою үшін мемлекет басшысына жолданды. Заңда "ерікті адам" және "өзін-өзі қорғауды қалыптастыру" деген ұғымдар қамтылған. Ол Қазақстан Республикасы азаматтарының соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында өзін-өзі қорғауды қалыптастыруға ерікті түрде қатысуын көздейді.