Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ақбөкен етінің бағасы келісіне 1600 теңге деп белгіленді

Ақбөкендер жайылып жүрФото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкен етіне ұсынылатын бағаны жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрліктің баспасөз қызметі мәліметінше, ұсынылатын баға – келісіне 1600 теңге.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ақбөкен етінің түпкілікті бағасы 10 күн ішінде анықталатынын хабарлаған еді.

"Жұмыс енді басталды, мұнымен экология министрлігі айналысып жатыр. Біздің міндетіміз – ет комбинаттарын қамтамасыз ету. Бүгінде мұндай 18 кәсіпорын тіркелді, ветеринария мамандары да бар. Әрі қарайғы процесс бағаға, логистикаға және сату форматына байланысты болады. Оны бір аптадан кейін не 10 күннен кейін жариялаймыз деп ойлаймын", – деген еді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында киіктер атыла бастағанын жазған едік. 2025 жылы жүргізілген авиациялық есепке сәйкес, Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктердің жалпы саны 2,3 млн басқа жеткен. Ғалымдар әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, популяцияға залал келтірмей, оның тек 20 пайызын, яғни 460 мыңдайын ғана атуға болады.

Сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде киік етінің шұжықтары өндірісі іске қосылғаны хабарланған.

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 16 Шілде, 2025 14:24
Талқылау