Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 47 жыл бұрынғы температуралық рекорд жаңарды

Фото: freepik.com

2025 жылдың желтоқсанында Қазақстанда ауа райы құбылмалы болып, бірқатар өңірде ең жоғары температура көрсеткіштері 1978 жылы тіркелген рекордты жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Қазгидромет” мәліметінше, желтоқсан айының басында ел аумағындағы ауа райы белсенді циклонның ықпалымен қалыптасқан. Республиканың басым бөлігінде қараша айына тән жылы ауа райы сақталған.

Айдың алғашқы күндерінде елдің бірқатар өңірінде ауа температурасының қалыптан тыс жоғары көрсеткіштері тіркелді. 1 желтоқсанда Қостанайда ауа температурасы +4,8 градусқа дейін көтеріліп, 2021 жылғы рекордтан асты. Петропавл қаласында ауа +2,6 градусқа дейін жылынып, 2009 жылғы рекорд жаңартылды.

Жезқазғанда 2–4 желтоқсан аралығында қатарынан бірнеше рекорд тіркелген: 2 желтоқсанда +6,0 градус (2021 жылғы рекорд +5,9), 3 желтоқсанда +7,7 градус (1990 жылғы рекорд +7,2) және 4 желтоқсанда +5,9 градус (2016 жылғы рекорд +4,3).

8–12 желтоқсан аралығында елдің басым бөлігінде ауа райы күрт суытты. Солтүстік антициклонның әсерінен ауа температурасы 0–5 градустан –18–26 градусқа дейін төмендеді.

Желтоқсанның екінші жартысында еліміздің басым бөлігінде қайтадан күн жылыды. 15 желтоқсанда Астанада ауа температурасы +2,2 градусқа жетіп, 1981 жылғы рекордты (+2,0) жаңартты, ал Петропавлда –1,1 градус тіркеліп, 2005 жылғы көрсеткіштен (–1,5) жоғары болды.

29 желтоқсанда Шымкентте сынап бағанасы +19,4 градусқа дейін көтеріліп, 2023 жылғы рекордтан (+15,5) асты. Түркістанда ауа температурасы +14,1 градус болып, 1995 жылғы ең жоғары көрсеткіштен (+12,2) жоғары болды.

30 желтоқсанда Астанада +2,8 градус байқалып, 1995 жылғы рекорд (+1,8) жаңартылды, ал Жезқазғанда +1,3 градус тіркеліп, 2001 жылғы көрсеткіштен (+1,1) асты.

31 желтоқсанда Өскеменде ауа температурасы +6,3 градусқа жетіп, 47 жыл бойы сақталған 1978 жылғы рекордты (+4,8) жаңартты.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 20 Қаңтар, 2026 18:32